АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Бруклин федералды сотының алқабилері қытайлық Huawei компаниясы мен оның үш еншілес кәсіпорнын американдық фирмалардың коммерциялық құпиясын ұрлауға сөз байласу, банк алаяқтығы және Иранға қарсы санкцияларды бұзу бойынша кінәлі деп тапты. Үкім үш айға созылған сот процесінен кейін 24 қарашада, сейсенбі күні шықты, деп хабарлады АҚШ Әділет министрлігі. Қазақстанда бұл жаңалық 25 қарашаға қараған түні белгілі болды.
Айыптаушы тарап істі толық ұтып шыға алмады. Bloomberg хабарлауынша, алқабилер шамамен төрт күн кеңесіп, 12 айып тармағының 10-ымен келісті. Huawei-ді қылмыстық ұйым ретінде көрсеткен ең ауыр айыпты — рэкет туралы заң бойынша сөз байласуды, сондай-ақ сот төрелігіне кедергі келтіру айыбын олар қабылдамады.
Әділет министрлігінің мәліметінше, Huawei Иранда көп жыл бойы Skycom компаниясы арқылы жұмыс істеген: онда магистральдық интернет желісін салып, билікке пайдаланушыларды бақылауға және олардың интернетке қолжетімділігін шектеуге көмектескен, наразылық акцияларын қадағалауға мүмкіндік беретін камералар жеткізген. Бұл ретте компания банктерге Skycom тек серіктес екенін айтып, осылайша миллиардтаған долларға қол жеткізген. Сотта ұрланған дүниелер қатарында Cisco маршрутизаторларының бастапқы коды мен T-Mobile компаниясының Tappy атты сынақ роботы аталды: айыптау тарабының нұсқасы бойынша, Huawei қызметкері роботтың бөлшегін зертханадан рюкзакпен алып шыққан. «Ешбір адам да, ешбір компания да заңнан жоғары емес», — деді АҚШ Бас прокуроры Тодд Бланш.
Huawei үкіммен келіспейді. Компания рэкет бабы бойынша ақталуы бұл айыптардың нақты негізі жоқ екенін растайтынын мәлімдеп, қалған тармақтарды құқықтық және нақты негізі жоқ деп атады. Адвокат Брайан Хеберлиг шешімге шағым түсірілетінін айтты. «Біз мұны Huawei жемқор ұйым болды деген идеядан бас тарту деп санаймыз», — деп келтіреді оның сөзін The Wall Street Journal.
Жаза 2027 жылғы 14 қыркүйекте тағайындалады. Әділет министрлігінің дерегінше, Huawei мен оның еншілес компанияларына тек ақшалай санкциялар — айыппұл, мүлікті тәркілеу және залалды өтеу қаупі төніп тұр. Олардың мөлшерін федералды судья анықтайды. Алқабилердің шешімінде смартфондарды немесе басқа техниканы сатуға тыйым салу туралы сөз жоқ.
Huawei-ге қарсы айыптар АҚШ-та 2018–2019 жылдары, компанияның қаржы директоры Мэн Ваньчжоу Канадада ұсталғаннан кейін тағылған. Оған қатысты іс 2022 жылы ол Huawei-дің Ирандағы жұмысы туралы банктерді жаңылыстырғанын мойындағаннан кейін жабылды. 2019 жылдан бері АҚШ билігі компанияның американдық технологияларға қолжетімділігін де шектеп келеді.



