«Манчестер Юнайтедтің» 16 жастағы жартылай қорғаушысы Джей-Джей Гэбриел сейсенбі күні Чемпиондар лигасындағы «Реал» – ПСВ (5:1) матчын «Сантьяго Бернабеу» трибунасынан Мадрид клубының қонағы ретінде тамашалады. The Athletic мәліметінше, «Реал» мәмілені осы аптада аяқтауға үміттенеді.
Ағылшын футболшысы «Реалдың» ойынын «Бернабеуде» клуб қонағы ретінде алғаш рет көрді. Басылымның ақпаратынша, қарашаның басында Гэбриел отбасымен бірге «Вальдебебас» жаттығу базасына барып, қызметкерлермен танысқан, бірақ бұл ресми трансфер процесінің бөлігі болмаған. The Athletic сондай-ақ жартылай қорғаушы мадридтіктермен ұзақ мерзімді келісімшарт жасасады деп жазған. ФИФА-ның кәмелетке толмаған ойыншылардың ауысуы жөніндегі ережесі бойынша «Манчестер Юнайтед» «Реалдан» өтемақы алады – басылымның бағалауынша, алты таңбалы сома.
Гэбриел «МЮ»-ға кететінін қыркүйекте-ақ хабарлап, тіркеуден шығару туралы өтініш берген. The Athletic мәліметінше, мұның бір себебі – негізгі құрамда мүмкіндіктің аздығы: маусымалды кезеңде ол Мадридтің «Атлетикосына» қарсы небәрі сегіз минут ойнаған. Манчестерліктер оны қалдыруға тырысқан, ойыншыға «Барселона», ПСЖ және «Бавария» да қызығушылық танытқан. 19 қарашада Гэбриел әлеуметтік желіде «Юнайтедпен» қоштасты: «Әр бапкерге, әр қызметкерге, командаластарыма және маған қолдау көрсетіп, сеніп, өсуіме көмектескендердің бәріне рахмет. «Манчестер Юнайтед» әрқашан менің тарихымның бір бөлігі болып қалады».
Гэбриел – Англиядағы ең көп талқыланатын жас футболшылардың бірі, оны «кішкентай Месси» деп атайды. 2024/25 маусымында ол жастар лигасында орта есеппен әр ойында бір гол соғып, «МЮ»-дың үздік жас ойыншысына берілетін Джимми Мерфи атындағы жүлдені алды. Осы маусымда ол УЕФА Жастар лигасында «Сабахқа» қарсы U19 командасы үшін хет-трик жасап, клуб тарихындағы ең жас хет-трик авторы атанды. 16 жасында Испанияға ауысуға оның Ирландия паспорты мүмкіндік береді.



