Бразилияның Сан-Паулу маңындағы Мог-дас-Крузис қаласында ортопед дәрігер нөсерден кейін суға батып бара жатқан көліктен қарт жүргізушіні құтқарды. Ол көлікке ескі серфинг тақтасымен жүзіп жетіп, артқы әйнекті ауыр балғамен сындырған. Ер адам жарақат алған жоқ, деп хабарлайды SBT News. Құтқару сәтінің видеосы әлеуметтік желілерге тарап, оны Al Jazeera да көрсетті.
Оқиға 23 қараша күні түстен кейін Вила-Оливейра ауданында, дәрігер Рожерио Аугусто Жеремиас тұратын тұрғын үй кешенінің дәл алдында болды. Ол ұлымен үйде отырғанда кешеннің кіреберісіндегі қызметкер қоңырау шалып, көшедегі көліктің суға батып бара жатқанын көрсететін видео жіберген. Қарт жүргізуші көлігін жаңа ғана тұраққа қойғанда су күрт көтеріле бастағанын айтқан. Бұл көшені қатты жаңбыр сайын дерлік су басады, өйткені оған көрші төрт көшенің суы ағып келеді.
Жеремиас үйіндегі ескі серф тақтасын еске алды, ал күзетші ауыр балға әкелді. Сол кезде жүргізуші артқы орындыққа ауысып үлгерген, көлік толықтай дерлік су астында қалған. Дәрігер кеудесіне дейін суда тұрып, әйнекті тесіп шыққанша ұрды. Сол саңылаудан ер адамды сыртқа шығарып, тақтаны тірек етіп, құрғақ жерге жеткізді.
Ортопедтің мұндай тәжірибесі бар: бразилиялық БАҚ хабарлауынша, ол бұрын Гуарульюс қаласы мен Сан-Паулу халықаралық әуежайына қызмет көрсететін жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеген. Оның айтуынша, бұл тәжірибе суға түспес бұрын қауіпті бағалауға көмектескен.
23 қарашадағы нөсер Мог-дас-Крузистің бірнеше ауданын су астында қалдырды: бірден бірнеше бұлақ арнасынан асып кетті. Қала әкімдігі зардап шеккен тұрғындарға көмектесу үшін түрлі қызметтердің қызметкерлерін көшеге шығарды.



