Мазмұнға өту
2026 жылғы 25 қараша, сәрсенбі

Илон Маск Twitter ісі бойынша үкімді бұзуды апелляциялық соттан сұрады

Алқабилер шешімі күшінде қалса, акционерлер заңгерінің бірінің бағалауынша, миллиардер шамамен 2,6 млрд доллар мен оның пайызын төлеуге тиіс болады.

Илон Маск
Фото: Wikimedia Commons

Илон Маск Сан-Францискодағы АҚШ-тың Тоғызыншы округтік апелляциялық сотына жүгініп, 2022 жылы әлеуметтік желіні сатып алу кезінде Twitter акционерлерін алдады деп танылған алқабилер үкімін жоюды сұрады. Reuters хабарлауынша, ол шағымын АҚШ уақытымен 23 қарашада кешке берген. Қорғау тарабының басты дәлелі – акционерлер акциялардың құлдырауына оның жазбасындағы өтірік себеп болғанын дәлелдей алмаған.

Дау-дамайдың бағасы жоғары. Талапкерлер заңгерінің бірі бұрын үкім күшінде қалса, Маск шамамен 2,6 млрд доллар (1,19 трлн теңгедей) мен оның пайызын төлеуге тиіс болатынын айтқан. Сонымен қатар миллиардер бірінші сатыдағы сот ұжымдық талапқа рұқсат бермеуі керек еді деп санайды: оның пікірінше, көп инвестор акцияларын сатқанда оның жазбасына мүлде сүйенбеген. Ұжымдық талап зардап шеккен көп адамға бірігіп сотқа жүгінуге мүмкіндік береді – бұл арзанырақ, ал өтемақы сомасы әлдеқайда үлкен болуы мүмкін.

Дау Маскінің 2022 жылғы 13 мамырдағы жазбасына қатысты. Сол кезде ол Twitter-ді 44 млрд долларға сатып алу мәмілесі компания платформада жалған және спам-аккаунттар толып кетпегенін дәлелдегенге дейін «уақытша тоқтатылғанын» жазды. Сол күні Twitter акциялары 9,7%-ға төмендеп, 40,72 долларға түсті. Талапкерлердің айтуынша, Маск боттар тақырыбын мәміледен шығу немесе бағаны түсіру үшін пайдаланған. Акциялар 2022 жылғы қазанға дейін арзан күйінде қалды, сол айда ол компанияны бастапқы бағамен – бір акциясын 54,20 доллардан сатып алуға келісті.

Сан-Францискодағы алқабилер Маскіге қарсы үкімді 2026 жылғы наурызда шығарды. Шілдеде округтік судья Чарльз Брейер мамырдағы жазбаның «жалған екеніне елеулі дәлелдер» бар екенін көрсетіп, үкімді күшінде қалдырды. Судьяның сөзінше, мәмілеге қатысты күмән «инвесторларға өтірік айтуды ақтамайды». Кейін Маск Twitter-дің атын X деп өзгертті, кейін әлеуметтік желіні өзінің ғарыштық компаниясы SpaceX құрамына қосты.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз