Ресей президенті Владимир Путин украин дрондарының ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) соққысына жауап беретінін мәлімдеп, жауап әрекеттері сөзсіз болатынын ескертті. Ол бұл туралы 24 қарашада, сейсенбі күні Кремльде отын-энергетика кешенін дамыту стратегиясы жөніндегі комиссия отырысында айтты. Кремль мәліметінше, Путин бұл комиссияның отырысын соңғы рет 2018 жылы өткізген.
Путиннің сөзінше, АҚШ президенті Дональд Трамп украин билігінен мұндай шабуылдардан бас тартуды тікелей сұраса да, Киев ресейлік мұнай өңдеу нысандарына соққы беруін тоқтатпай отыр. Ресей басшысы шабуылдар ештеңе болмағандай жалғасып жатқанын, бірақ олар Ресейге елеулі зиян келтіре алмайтынын айтты. Ол МӨЗ-дер мен олардың қызметкерлерін қорғаудың қосымша шараларын талқылауды тапсырды. Ішкі отын нарығындағы жағдайды күрделі деп атап, бензин бағасы қазандағы шарықтау шегінен кейін тұрақтанғанын жеткізді.
Киев бірден жауап қайтарды. «Украинская правда» басылымының хабарлауынша, Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Путинге МӨЗ-дерге соққы туралы шағымданбай, соғысты аяқтауға кеңес берді. Украина бұған дейін де Ресей украин энергетикасына соққы беруді тоқтатқанда ғана ресейлік энергетика нысандарына шабуылды доғаратынын мәлімдеген.
Трамп қыркүйекте Владимир Зеленскийден ресейлік МӨЗ-дерге соққыны азайтуды сұрағанын айтқан еді. Қазанның ортасында АҚШ президенті «энергетикалық бітім» жариялап, украин шабуылдары біраз уақыт басылды, бірақ қазанның соңынан қайта басталды: соңғы нысандардың бірі Пермьдегі «Лукойл» зауыты болды. Reuters-тің екі салалық дереккөзінің бағалауынша, қазанның соңынан бері дрон соққылары ресейлік зауыттардағы мұнай өңдеу көлемін 45%-ға қысқартқан.



