«Манчестер Юнайтед» АПЛ-дағы «Ливерпульмен» (0:4) ойында Лени Йороға көрсетілген қызыл қағаздың күшін жоюға қол жеткізді. The Guardian хабарлауынша, 24 қараша, сейсенбі күні тәуелсіз комиссия француз ойыншысын алаңнан қуу қате болды деп таныды, енді ол бірде-бір ойынды өткізіп алмайды. Йоро сенбіде «Брентфордқа» қарсы ойынға шыға алады.
Оқиға «Энфилдте» сегізінші минутта болды. Александер Исак допты Йородан асырып жіберіп, қақпаға қарай жүгіре жөнелді, қорғаушы швед шабуылшысын құлатты. Төреші Сэм Барротт айқын гол соғу мүмкіндігін бұзғаны үшін бірден қызыл қағаз көрсетті. VAR бұл шешімді қайта қарамады. Доминик Собослаи айып добын гол етті, ойсырата жеңілу осы голдан басталды. Клубтың шағым түсіргені туралы дүйсенбіде жазған едік.
Таңғаларлығы, сол күні төрешінің шешімін PGMOL төрешілер ұйымының басшысы Говард Уэбб жария түрде қолдады. Комиссия үкімінен бұрын жазылған Mic’d Up бағдарламасында ол: «Доп Исактың бақылауында, ол допқа тиіп, Йородан асырып жіберді. Ол жылдам қозғалып келеді, дәл сол сәтте оны құлатады», – деді. Уэббтің айтуынша, мәселе тек швед допқа қақпашы Сенне Ламменстен бұрын жете ме, жоқ па, сонда ғана, бірақ төрешінің үкімі «анық қате деп айтуға келмейді».
Маурисио Почеттино ойыннан кейін бірден бұған келіспеген еді. «Мен келіспеймін, өйткені доп Исактың бақылауында болған жоқ. Допты сәтсіз жібергенін және доп қақпашыға кетіп бара жатқанын көрген соң, ол баяулап, жанасуды күтті де құлады. Бұл мүлде фол емес», – деді «МЮ» бапкері.
«Ливерпульмен» кездесу Почеттино үшін «Манчестер Юнайтедтегі» алғашқы ойын болды және 0:4 есебімен жеңіліспен аяқталды. Команда АПЛ-да 19-орында, лигадан түсу аймағында тұр, ал сәрсенбіде Чемпиондар лигасында «Спортингпен» ойнайды.



