Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

«Билік сақиналары» сериалы төртінші маусымға ұзартылды

Бұл шешім Бірегей сақинаның соғылуы көрсетілетін үшінші маусымның соңғы екі сериясы шығардан бірнеше сағат бұрын жарияланды.

Кадр из сериала «Властелин колец: Кольца власти»
Фото: Amazon MGM Studios

Amazon «Сақиналар әміршісі: Билік сақиналары» сериалын ресми түрде төртінші маусымға ұзартты. Жоба қазір дайындық кезеңінде, ал түсірілім көктемде Лондон маңындағы Shepperton студиясында басталады. Бұл туралы 24 қарашада Deadline хабарлады.

Жаңалық үшінші маусымның финалы шығатын күні белгілі болды: Prime Video соңғы екі серияны 24 қарашада Лос-Анджелес уақытымен сағат 18:00-де ұсынады, Қазақстанда бұл 25 қараша, таңғы сағат 07:00. Маусым оқиғасы екінші маусымнан жеті жыл кейін, эльфтер мен Саурон арасындағы соғыстың қызған шағында өтеді. Басты оқиға – Қараңғылық әміршісінің Бірегей сақинаны соғуы. Толкин кітаптарындағы бұл сәт экранда алғаш рет көрсетілді.

Шоураннерлер Джей Ди Пэйн мен Патрик Маккей өз орнында қалады. Олар бұл хикаяны бес маусымға арнап ойластырғанын бұрыннан айтып келеді, ал жаңа маусым осы жоспардан таймауға мүмкіндік береді. «»Билік сақиналары» Prime Video үшін айшықты сериалға айналды», – деді Amazon MGM Studios жаһандық телевизия бөлімінің басшысы Питер Фридлендер. Оның сөзінше, төртінші маусымда көрермен Толкиннің Екінші дәуір әлеміне бұрынғыдан да тереңірек енеді.

Көрсеткіштерге қарағанда Amazon батыл шешім қабылдаған сияқты. Deadline еске салғандай, сериал аудиториясы бірінші маусымнан бері азайып келеді, екінші маусымда көрермен саны күрт төмендеді, ал үшінші маусым бойынша стриминг дерек жарияламады. Luminate сарапшыларының мәліметінше, премьерадан кейін шоу ең танымал стриминг жобаларының ондығына кірмеген. Сериал телевизия тарихындағы ең қымбат жобалардың бірі болып қала береді.

«Билік сақиналары» 2022 жылы шықты, онда «Хоббит» пен Питер Джексон трилогиясынан мыңдаған жыл бұрынғы оқиғалар баяндалады. Сауронды Чарли Викерс, Галадриэльді Морфидд Кларк, Элрондты Роберт Арамайо сомдайды. Сонымен қатар Warner Bros. «Сақиналар әміршісі: Голлумды аулау» толықметражды фильмін дайындап жатыр. Оның түсірілімі жайлы жақында Аня Тейлор-Джой әңгімелеген еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз