BYD Қытайда үшінші буын Tang электр кроссоверін сата бастады, базалық нұсқасының бағасы — 187 900 юань (шамамен 12,8 млн теңге). Бұл туралы CarNewsChina хабарлады. Қытайлық CLTC циклі бойынша ең үлкен жүріс қоры — 850 км, модельге алдын ала тапсырыс 13 қарашада ашылған.
Көліктің төрт нұсқасы бар. Артқы жетекті үш нұсқаға 300 кВт (408 ат күші) қозғалтқыш пен Blade 2.0 батареясы орнатылған: базада 88,7 кВт·сағ, қымбат нұсқаларда 105,8 кВт·сағ. Екі қозғалтқышы бар толық жетекті Tang 515 кВт (700 ат күші) қуат береді, сағатына 100 км жылдамдыққа 4,3 секундта жетеді және артқы дөңгелектері де бұрылады.
| Нұсқа | Қуаты | Батарея | Жүріс қоры CLTC (WLTP) | Қытайдағы бағасы |
|---|---|---|---|---|
| Артқы жетек | 408 ат күші | 88,7 кВт·сағ | 730 км (599 км) | 187 900 юань (≈12,8 млн теңге) |
| Артқы жетек | 408 ат күші | 105,8 кВт·сағ | 850 км (697 км) | 207 900 юань (≈14,2 млн теңге) |
| Артқы жетек, пневмоаспа | 408 ат күші | 105,8 кВт·сағ | 850 км (697 км) | 219 900 юань (≈15 млн теңге) |
| Толық жетек | 700 ат күші | — | 770 км (631 км) | 239 900 юань (≈16,4 млн теңге) |
Басты техникалық жаңалық — аса жылдам зарядтау: базалық нұсқаны 10%-дан 97%-ға дейін тоғыз минутта толтыруға болады. Базалық жинақтаудың өзінде бейімделгіш аспа, 16 динамик және камералармен жұмыс істейтін God’s Eye C жүргізушіге көмек жүйесі бар. Қосымша ақыға оны лидары бар B нұсқасына ауыстыруға болады.
Көлік үлкейген: ұзындығы 5045 мм, доңғалақ базасы 2950 мм, бұл алдыңғы буыннан 75 мм ұзын. Есесіне Tang тек бес орындық болып қалды — үшінші қатар алынып тасталған. Жүк салғышқа 910 литр сыяды, екінші қатарды жинаса — 2113 литр, сондай-ақ капот астында тағы 205 литр орын бар. Салонда алдыңғы панельді толық алып жатқан 30 дюймдік экран (базада оның орнына 15,6 дюймдік дисплей), тоңазытқыш, алдыңғы және артқы шеткі орындықтарды жылыту, желдету мен массаж қарастырылған.
Алғашқы Tang 2015 жылы, екінші буыны 2018 жылы шыққан. Қазір BYD осы атаумен тұтас модельдер тобын шығарады, соның ішінде сыртқы нарықтарда Atto 8 және Sealion 8 деген атпен сатылатын Tang L да бар. Жаңа Tang Қазақстанда сатыла ма, жоқ па — бұл туралы BYD-нің ресми дистрибьюторы Astana Motors хабарлаған жоқ.



