Қазақстандық ғалымдар қуық обыры неліктен уақыт өте келе химиотерапияға жауап бермей қалатынын және емнің күшін қалай қайтаруға болатынын зерттеп жатыр. Зерттеуді Ұлттық ғылыми онкология орталығының (ҰҒОО) мамандары Назарбаев Университетімен бірлесіп жүргізуде, деп 24 қарашада хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Зерттеуге 60-қа жуық пациент қатысады. Олардың ісік тіні мен несеп үлгілерінен зертханада үш өлшемді жасушалық модельдер жасалады. Ғалымдар осы модельдер арқылы обыр жасушаларының мінез-құлқын, дәрілерге қалай жауап беретінін және ісіктің емге не себепті көнбейтінін бақылайды.
Басты назар TAM рецепторлары ақуыздарының тобына аударылған. Ғалымдардың пікірінше, бұл ақуыздар ісік жасушаларының қорғаныс тетіктеріне қатысуы мүмкін. Алдын ала нәтижелерге қарағанда, жекелеген ақуыздардың деңгейі аурудың агрессивтілігімен және ісіктің химиотерапияға төзімділігімен байланысты болуы ықтимал. Қазір зертханада осы ақуыздарды бұғаттау стандартты емнің әсерін күшейте ме, соны тексеріп жатыр.
Жұмыстың екінші бағыты — ісік тінін алмай-ақ, несеп талдауы арқылы ісіктің ерекшеліктерін бағалауға бола ма, соны анықтау.
Пациенттер үшін ем әзірге өзгермейді. «Әзірге емдеудің жаңа әдісін енгізу туралы айтуға әлі ерте. Зерттеу клиникаға дейінгі кезеңде. Бұл дегеніміз, біз биологиялық үлгілермен және зертханалық модельдермен жұмыс істеп жатырмыз, ал пациенттерде бұл тәсілдің тиімділігі әлі тексерілмейді», — деді ҰҒОО онкоурологы Жанқуат Кубеев.
ҰҒОО Астанада орналасқан. Министрлік орталықтың басты жетістіктерінің бірі ретінде Орталық Азиядағы алғашқы әрі жалғыз протондық терапия орталығының ашылуын атайды.



