BYD компаниясы Ineos Automotive-пен Францияның шығысындағы Амбах қаласында орналасқан зауытын сатып алу жөнінде эксклюзивті келіссөз бастады. Бұл туралы 24 қарашада BYD мәлімдеді. Мәміле әлі жасалған жоқ: Франция ережелері бойынша оны алдымен зауыт қызметкерлерінің өкілдерімен талқылау керек.
«Еуропа алдындағы міндеттемеміз ұзақ мерзімді. Амбахқа жоспарланған инвестициямыз Францияға деген сенімімізді және Еуропада өсуді жалғастыру ниетімізді көрсетеді. Біз еуропалық сатып алушыларға Францияда жасалған, электр көлігі саласындағы технологиялары мен инновацияларымызды оларға жақындата түсетін автокөліктерді таңдау мүмкіндігін бергіміз келеді», — деді BYD атқарушы вице-президенті Стелла Ли. Компания өндірісті және жұмыс орындарын сақтауға уәде беріп отыр. Алайда BYD Францияда қандай модельдер шығаратынын, жинау қашан басталатынын және зауыттағы шамамен мың қызметкердің қаншасы қалатынын әзірге айтқан жоқ.
Ineos бұл уақытта Grenadier жол талғамайтын көлігінің өндірісін өзінің басты нарығы — АҚШ-қа көшіріп жатыр: компания сатылымының шамамен 70%-ы американдық сатып алушыларға тиесілі. Ол жақта көлік жинауды Ineos 2028 жылы бастамақ. Зауыт BYD-ге өтсе, Grenadier мен Quartermaster пикабы Амбахта тағы біраз уақыт шығарыла береді. Көшудің себебі — баж салығы: Франциядан АҚШ-қа әкелінетін Grenadier үшін 15%, ал Quartermaster пикабы үшін 25% баж төленеді.
Амбах зауыты талай өзгерісті бастан кешірген. Бұрын мұнда екі орындық Smart көліктері жиналған, 2020 жылы Ineos алаңды Mercedes-Benz-тен сатып алып, рамалы жол талғамайтын көлік шығаруға бейімдеді. Grenadier 2022 жылдан бері шығарылып келеді, зауыттың қуаты — жылына шамамен 30 мың көлік.
Амбах BYD-нің Еуроодақтағы екінші зауыты болмақ. Бірінші зауыт Венгрияның Сегед қаласында: онда жаппай жинау 2027 жылдың басында басталады деп күтілуде, ал жоспарлы қуаты жылына 150 мың көліктен асады. Жергілікті өндіріс BYD-ге Еуроодақтың қытайлық электромобильдерге салған баж салығын және 1 желтоқсаннан енгізілетін импорттық гибридтерге квотаны айналып өтуге көмектеседі. Қазір Еуропа бренд үшін өсімнің басты көзіне айналды: 2026 жылдың он айында BYD онда 320 445 көлік сатты, бұл былтырғыдан 133%-ға көп. Ал Қытайдағы сатылым сол кезеңде 40%-ға азайды.
Қазақстанда BYD 2025 жылдың қаңтарынан бері ресми сатылады, брендтің дистрибьюторы — Astana Motors. 2025 жылы ресми дилерлер BYD-нің 3 245 электромобилі мен гибридін сатты, бұл елде сатылған жаңа энергия көздеріндегі көліктердің 76%-ы. Дистрибьютор 2026 жылы 10 мыңнан астам автокөлік сатуды мақсат етіп қойған.



