«Барыстың» қазақстандық қақпашысы Андрей Шутов КХЛ тұрақты чемпионатының 11-аптасындағы үздік сейвтер рейтингіне екі мәрте енді. Лига бірінші орынды оның «Салават Юлаевпен» қонақтағы ойындағы сейвіне, бесінші орынды Минск «Динамосымен» үй алаңындағы кездесудегі сейвіне берді.
Екі эпизод та астаналықтар жеңіліп қалған ойындарда болды. 18 қарашада Уфада «Барыс» 3:5 есебімен ұтылды. 22 қарашада Астанада команда екі кезеңнен кейін 1:1 есебімен тең түсіп тұрды, алайда үшінші кезеңде минскіліктер шешуші шайбаны соқты – 1:2. Бұл «Барыстың» қатарынан үшінші жеңілісі болды.
Астаналықтар КХЛ-дің апталық рейтингтерінде тек сейвтермен ғана көзге түскен жоқ: лига аптаның үздік голы деп Энэстің «Барыс» қақпасына соққан шайбасын таныды.
«Барыс» келесі ойынын 25 қарашада Астанада қатарынан алты рет жеңіске жеткен Череповецтің «Северсталь» командасымен өткізеді. Ойын Астана уақытымен сағат 19:00-де басталады.



