Мадридтік «Атлетиконың» бас директоры Мигель Анхель Гиль Марин 24 қарашада, сейсенбіде, Ла Лиганың бірінші вице-президенті және директорлар кеңесінің мүшесі қызметінен бас тартты. Ол бұл туралы лиганың Бас ассамблеясында мәлімдеді, деп хабарлады Marca. Ол бұл лауазымда 2020 жылғы ақпаннан бері болған.
Басылым мәліметінше, отставкаға Еуропалық клубтар одағы (UEC) төңірегіндегі жанжал себеп болған. Бұл қауымдастық 2023 жылы шағын және орта клубтардың мүддесін қорғау үшін қазіргі EFC-ге (бұрынғы ECA) балама ретінде құрылған. Ла Лига президенті Хавьер Тебас өткен аптада лиганың UEC-ті жылдар бойы қаржыландырып, қолдап келгенін клубтар алдында мойындаған көрінеді. Сома 1 млн еуродан (шамамен 499 млн теңге) асуы мүмкін, ал Marca жазуынша, клубтардың өзі бұл төлемдерден бейхабар болған.
UEC-тің Еурокомиссияға UEFA мен EFC-ге қарсы шағым түсіргені белгілі болғанда наразылық күшейе түсті. EFC құрамында көптеген испан клубы бар. Сонда олардың бір бөлігі Ла Лига арқылы өздері мүше болып отырған ұйымға қарсы талапты жанама түрде қаржыландырып шыққан болып шығады. Marca ақпаратынша, бірнеше клуб лига қаражатының қайда кеткенін де, қаржыландыру туралы шешімнің қалай қабылданғанын да құқықтық тұрғыдан зерделеп жатыр.
«Атлетико» кетудің себебін басқаша түсіндірді. Клубтың айтуынша, Ла Лиганың бірінші вице-президенті қызметін UEFA атқару комитеті мен EFC-дегі жұмыспен қатар алып жүру қиын, ал отставка мүдделер қақтығысының алдын алу үшін қажет. Клуб Ла Лигамен және Испания корольдік футбол федерациясымен бірлескен жұмыс жалғаса беретінін атап өтті.
Гиль Марин көп жыл бойы Тебастың басты одақтастарының бірі саналып келді, еуропалық футболда да ықпалы зор — ол UEFA Атқару комитетінің мүшесі. Marca мәліметінше, жақын күндері лига басшылығында басқа да ауыс-түйіс болуы мүмкін.



