Nvidia акциялары 24 қарашада, сейсенбі күні, АҚШ-тағы алдын ала саудада 5%-дан астам арзандады. Алдын ала сауда деп биржа ресми ашылғанға дейін жасалатын мәмілелерді айтады. Бір күн бұрын жасанды интеллектке арналған чиптер шығаратын әлемдегі ең ірі компания нарықтық құнының бір күнде өсуі бойынша рекорд орнатқан еді. CNBC хабарлауынша, Астана уақытымен сағат 17:41-де акциялар 5,1%-ға төмендеген.
Reuters мәліметінше, бір акцияның бағасы 156,40 долларға (шамамен 71,2 мың теңге) түсті, бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 5,2%-ға аз. Дүйсенбіде акциялар 31,5%-ға шарықтап, компанияның нарықтық құны 952 млрд доллардан астам өсті. Бұл шамамен 433 трлн теңге. Бір күндегі нарықтық құн өсімі бойынша бұдан үлкен көрсеткіш тарихта болмаған. Агенттіктің жазуынша, инвесторлар саяси тәуекелдерге және Nvidia директорлар кеңесі қаншалықты тәуелсіз екеніне қайта назар аударды.
Дүйсенбідегі шарықтауға Дженсен Хуангтың оралуы себеп болды: Nvidia-ның негізін қалаушылардың бірі қайтадан компанияның бас директоры болды. Ол екі аптаға жетпейтін уақыт бұрын некеден тыс байланысын мойындап, отставкаға кеткен. Американ барлауы оның таныс әйелі Элис Хуангты Қытай пайдасына тыңшылық жасады деп күдіктенеді, ол Nvidia чиптерін сатып алған Megaspeed компаниясында жұмыс істеген. АҚШ президенті Дональд Трамп CNBC-ге берген сұхбатында Хуангтың оралуына өзі тікелей қатысқанын айтты: «Мәмілені мен жасадым».
Компанияға қойылған сұрақтар әлі шешілген жоқ. Келесі аптада Хуанг АҚШ Сенатының банк комитетінде түсініктеме беріп, Өкілдер палатасының халықаралық істер комитетінің сұрақтарына жауап беруі тиіс. Сенатор Элизабет Уоррен оның оралуын «ойланбай қабылданған» шешім деп атады. Bank of America компания басшысының оралуын тексерулердің аяқталуы деп түсінуге болмайтынын ескертті.
Nvidia-мен бірге өзге жартылай өткізгіш өндірушілер де құнсызданды: CNBC хабарлауынша, сауда ашылғанға дейін Micron, Marvell Technology, AMD және Arm акциялары 4–6%-ға төмендеген. Reuters есебінше, дүйсенбідегі серпілістен кейін де Nvidia акциялары 6 қазанда орнаған рекордтан 31%-ға жуық арзан. Бір күн бұрын Nvidia-дан кейін S&P 500 мен Nasdaq индекстері өскен болатын.



