Павлодарда патрульдік полицейлер жеке үйде өрт шыққанын байқап, ішінде ұйықтап жатқан екі ересек пен баланы оятып үлгерді. Бұл туралы ІІМ хабарлады. Министрлік оқиға жайлы 24 қарашада таңертең мәлімдеді.
Патрульдік полиция батальонының полиция капитаны Дәурен Камзин мен полиция аға сержанты Болат Бекмағамбет бағыт бойынша жүргенде жеке үйлердің бірінің үстінен қою түтін көтеріліп жатқанын көрген. Олар түтін шыққан үйді тауып, қоршаудан асып өтті де, ішінде адам бар-жоғын тексеру үшін үйге кірді.
Үйде шынымен адамдар болған: екі ересек пен бір бала. Полицияның мәліметінше, ересектер ұйықтап жатқан, үйде өрт шыққанын тіпті сезбеген. Инспекторлар тұрғындарды оятып, қауіп туралы ескертті де, бірден өрт сөндірушілерді шақырды. Ведомство зардап шеккендер туралы хабарлаған жоқ, өрттің шығу себебі әзірге аталмайды.
ІІМ-нің атап өтуінше, полицейлер түтінді байқаумен ғана шектелмей, отбасы өртпен жалғыз бетпе-бет қалмауы үшін бар күшін салған.
Бір күннің ішінде полицейлердің өрт болған жерге құтқарушылардан бұрын жетуі – екінші рет. Таңертең «Алматы – Өскемен» тасжолында патрульдер өрт сөндіру бөлімшесін күтпестен жанған жүк көлігінен 38 жылқыны құтқарды.



