Күрделі қантамыр мальформациясы бар балаларды енді Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында емдейді. Бұған дейін мұндай науқастарды шетелге жіберетін. Жаңа технологиямен жасалған алғашқы оталар сәтті өтті, деп хабарлайды Kursiv 24 қарашада орталықта өткен кездесуге сілтеме жасап.
Қантамыр мальформациясы кезінде тамырлар бала дүниеге келмей тұрып-ақ дұрыс қалыптаспайды: олар кеңейіп, бір-бірімен шырмалып, қан айналымына кедергі келтіретін түйіндер түзеді. Мұндай түзілімдер қатты ауыруы, қан кетуі мен ісінуі мүмкін, ал ауыр жағдайда баланың қозғалуы қиындайды. Орталық деректеріне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын осы аурумен 40-тан астам бала туылады.
Дәрігерлер электропорациямен склеротерапия әдісін қолданады. Алдымен зақымдалған аймаққа дәрі енгізіледі, кейін арнайы аппарат қысқа электр импульстерін береді, сөйтіп дәрі тінге жақсырақ сіңеді. Орталыққа итальяндық Cliniporator Vitae жүйесі орнатылды. Төрт қазақстандық дәрігер теориясын Германияда оқып, тәжірибесін Алматыда неміс профессоры Вальтер Вольгемуттың жетекшілігімен пысықтады — алғашқы сегіз ота осылай жасалды. «Қазір мен мұнда ештеңе дерлік істемеймін, өйткені дәрігерлер жақсы үйреніп алғаны сонша, бәрін өздері атқарып жатыр», — деді профессор.
2021–2024 жылдары мемлекет мұндай балаларды шетелде емдеуге 437 млн теңгеден астам қаражат жұмсаған, бірақ онда жылына небәрі 10–20 бала ғана көмек алған. Енді орталық жыл сайын 50 науқасқа дейін қабылдауды көздеп отыр. «Енді орталықта қажетті жабдық бар, мамандарымыз даярлықтан өтті, сондықтан күрделі қантамыр мальформациясы бар балаларды барлық кезеңде өзіміз сүйемелдей аламыз», — деді орталық басқармасының төрағасы Абай Құсайынов.
Әдіс клиникалық хаттама мен емдеу тарифтері бекітілгеннен кейін тұрақты қолданылады. Орталықтың есебінше, жабдық 10–15 жыл қызмет етеді, алғашқы он жылда онымен мыңға жуық процедура жасау жоспарланған.
Аппарат пен дәрігерлерді оқытуға құны 117,6 млн теңге болатын «Вдохнем жизнь» қайырымдылық жобасы аясында қаражат бөлінді. Жобаны Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Смелость быть первым» корпоративтік қоры мен AYALA қайырымдылық қоры жүзеге асырды. Сол күні алматылық дәрігерлер тағы бір жетістігі туралы айтты — перзентханада 990 грамм салмақпен туған қызды аман алып қалды.



