Димаш Құдайберген Чилидің астанасы Сантьягоға келді. Әнші 24 қарашада бұл елде тұңғыш рет жеке концерт береді. Әуежайда жанкүйерлердің қарсы алған сәтін әншінің досы әрі бэк-вокалисі Расул Усманов Threads парақшасында жариялады.
«Бүгін Чилиге, Сантьяго қаласына жеттік. Димаштың жанкүйерлері бізді әдеттегідей зор құрметпен қарсы алды. Концерт ертең сағат 20:00-де Movistar Arena-да өтеді», — деп жазды Усманов. Астана уақытымен бұл 25 қарашаның таңғы сағат 4-і. Залда бос орын қалмаған: Ulysmedia хабарлауынша, билеттер қараша айының басында-ақ таусылған.
Сантьяго — DIMENSIONS әлемдік туының Латын Америкасындағы алтыншы қаласы. Бұған дейін Димаш Мексикада бес концерт берді: Мерида, Монтеррей, Гвадалахара қалаларында және Мехикода екі рет өнер көрсетті. Ал 22 қарашада Колумбияда алғаш рет сахнаға шықты. Боготада мыңдаған көрермен онымен бірге «Ұмытылмас күнді» қазақ тілінде шырқады. Сол концерттің бейнежазбасының астына әнші жанкүйерлеріне: «Чилиде 10 сағаттан кейін кездесеміз», — деп жазды.
Мексикадағы сапар әншіге музыкадан тыс марапат та әкелді: 19 қарашада Мехикода Дүниежүзілік бокс кеңесі оған WBC-дің құрметті белбеуін табыстады. Марапат халықаралық мойындалғаны және халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін берілді.
Димаш 32 жаста, Қазақстанның халық әртісі. Әншіге әлемдік танымалдықты 2017 жылы қытайлық Singer шоуына қатысуы әкелді. Содан бері ол Азия, Еуропа және Америкадағы ірі ареналарда концерт қойып келеді. Латын Америкасы оның басты бағыттарының біріне айналды: 2025 жылы Мехикодағы екі концертке билеттер бірнеше сағатта сатылып кетті, биыл әнші ол жаққа үлкен турмен оралды.



