Microsoft компания ішінде «қызыл код» режимін, яғни ең жоғары басымдық деңгейін енгізді. Бұған 12–13 қарашада тәулікке созылған Microsoft 365 іркілісі себеп болды: сол кезде әлем бойынша пайдаланушылар поштасыз, күнтізбесіз және Teams-сіз қалған еді. Бұл туралы агенттік танысқан басшылардың ішкі хаттарына сілтеме жасап, Reuters хабарлады.
M365 Core бөлімшесінің президенті Джейсон Хендерсон жұма күні қызметкерлерге жолдаған хатында бұл іркілісті компанияның бұлттық поштасы Exchange Online тарихындағы клиенттерге ең ауыр тиген оқиға деп атады. Оның жазуынша, бұрын-соңды мұнша көп клиент поштасыз мұнша ұзақ қалмаған. «Қызыл код біздің команда үшін бұл ең басым жұмыс екенін білдіреді», – деді Хендерсон. Ол жылдар бойы атқарылған жұмыс сол бейсенбіде сервистерді қорғап қалуға жетпегенін мойындады.
Корпоративтік вице-президент Аманда Сильвер дүйсенбі күнгі жеке хатында инженерлер «соғыс тұманында» әрекет етуге мәжбүр болғанын айтты. Іркіліс кезінде олар Teams-тегі 11 чатта 11 мыңнан астам хабарлама алмасқан. Диагностикалық деректер түрлі ішкі жүйелерге шашырап жатқандықтан, команданың болжамдар мен шешімдердің ортақ көрінісін ұстап тұруы қиын болған.
Сильвер жұмыс жоспарын бес бағытқа бөлді: жүктемені азайту, трафикті өңірлер бойынша бөлу және қалпына келтіруді жылдамдату. Microsoft болашақта жаһандық іркілістерді бір сағатта жоюды көздейді әрі инженерлер жүйелердің жай-күйі туралы деректерді тезірек талдауы үшін ЖИ-агенттерді қоспақ. Хендерсон Microsoft 365-тің негізгі сервистеріне жауап беретін командамен күн сайын кеңес өткізетін болады. Ол сондай-ақ шұғыл түзетулердің әлемге тым баяу таралатынын мойындады: жақында болған бір жағдайда патч барлық серверлерге бес-алты күнде ғана жеткен.
Outlook, Teams және Copilot пайдаланушылары үшін ең бастысы – компанияның болашақ апаттарда сервистердің тоқтап тұру уақытын қысқартуға уәде беруі. Microsoft Reuters-ке жұмыс сервистер қалпына келгенде аяқталмайтынын мәлімдеді: командалар іркілістен алынған сабақтарды тәулік бойы енгізіп жатыр, ал басшылық мұны басты басымдық санайды.
Іркіліс Exchange Online, Outlook, Teams, Copilot және Microsoft 365-тің басқа өнімдеріне әсер етті. Одан Аустралия мен Жапониядан бастап АҚШ-қа дейінгі елдердің үкіметтері, трейдинг компаниялары және әуе тасымалдаушыларының байланысы зардап шекті. Microsoft апатты Windows жүйесінде шілдеден бері байқалмай келген масштабтау қатесімен түсіндірді, ал компания басшысы Сатья Наделла жұртшылықтан кешірім сұрады. Компанияның дерегінше, іркілістің кибершабуылға да, ЖИ-агенттерге де қатысы жоқ. Бұған дейін Microsoft президенті Брэд Смит жақын айларда жаңа іркілістер болатынын ескерткен.



