Мазмұнға өту
2026 жылғы 25 қараша, сәрсенбі

Ресей дроны Одесса облысында 17 жастағы оқушыны өлтірді

Сол күні облыстағы ресейлік соққылардан 41 жастағы ер адам да қаза тапты, жараланған үш адамның арасында 12 жастағы бала бар.

Последствия российского удара по Одесской области 24 ноября 2026 года

Ресей әскері 24 қараша, сейсенбі күні Украинаның оңтүстігіндегі Одесса облысында екі бейбіт тұрғынды өлтірді. Облыстың солтүстігіндегі Подольск қаласында ресейлік дрон жергілікті лицейдің 11-сыныбында оқитын 17 жастағы Артемнің өмірін қиды. Бала жай ғана жолмен келе жатқан. Одесса ауданында 41 жастағы ер адам қаза тапты. Тағы үш адам жараланды, олардың арасында 12 жастағы бала бар. Бұл туралы Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Кипер хабарлады.

Подольскіде әуе дабылы Киев уақытымен сағат 17:20-да (Астана уақытымен 20:20-да) жарияланды, ал 12 минуттан кейін жарылыс болды. Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері мәліметінше, дәл осы кезде қаланың жанынан ресейлік реактивті дрон ұшып өткен. Соққы ашық жерге тиді: жасөспірім оқиға орнында қаза тапты, маңайдағы гараж бен екі жеңіл көлік зақымданды, қойма өртенді. Одесса ауданында ресейлік соққы өндірістік ғимаратқа тиіп, өрт шықты, үш көлік зақымданды. Онда 1985 жылы туған ер адам қаза тапты, тағы бір адам жараланды. Күні бойы облыста азаматтық инфрақұрылым, жеке үй, кәсіпорын және көліктер зақымданды.

Қаза тапқан жасөспірімнің №3 лицейдің 11-сыныбында оқығанын Подольск аудандық әкімшілігінің білім басқармасы хабарлады. «Бұл менің жақсы танысымның ұлы. Подольск өңірі үшін бұл үлкен қайғы», — деді Суспильнеге Подольск аудандық әскери әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Руслан Питак. Ол тұрғындарды әуе дабылын елемей қалмауға және баспанаға түсуге шақырды.

Соққы тиген жерлерде Украина ТЖМҚ құтқарушылары мен барлық тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр. «Жау Одесса өңірінің бейбіт тұрғындарына қарсы террорын тоқтатпай отыр», — деп жазды Олег Кипер. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары Ресейдің бейбіт тұрғындарға қарсы кезекті әскери қылмыстарын құжаттап жатыр.

Одесса облысы — Украинаның теңізге шығатын басты қақпасы, Ресей оны күн сайын дерлік атқылайды. 24 қарашада күндіз ресей әскері фермер шаруашылығы мен 1,5 мың тоннаға жуық бидай сақталған қоймаларға шабуыл жасады, ал таңертең Одессадағы қалалық аурухананың ғимараты зақымданды. Порттар мен кемелерге үздіксіз ресейлік соққылардың салдарынан украин астығының теңіз арқылы экспорты тамыз айынан бері іс жүзінде тоқтап тұр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз