Porsche толық электрлі алғашқы 718 Boxster көлігін әзірлеудің соңғы кезеңіне шықты: сериялық родстер 2027 жылдың бірінші тоқсанында таныстырылады. Бұл туралы 24 қарашада Porsche компаниясы мәлімдеді. Сынақ кезінде прототиптер 20-дан астам елде шамамен 4 млн шақырым жол жүрген.
Компания жаңа көлікті 718 тарихындағы ең қуатты модель деп атайды. Ең жоғары нұсқасы орнынан 100 км/сағ жылдамдыққа 3 секундқа жетпей үдейді, ал ең жоғары жылдамдығы 250 км/сағ-тан асады. Барлық нұсқасы артқы жетекті болады. Қуаты, батарея сыйымдылығы, жүріс қоры мен бағасын Porsche әзірге жарияламады.
Басты техникалық шешім – E-Core компоновкасы. 800 вольттық батарея көп электромобильдегідей еденнің астына емес, тура орындықтардың артына, бензинді Boxster-лерде қозғалтқыш тұрған жерге қойылған. Соның арқасында жүргізуші спорткардағыдай төмен отырады, ал салмақ алдыңғы және артқы осьтің арасында 40-қа 60 пайыз болып бөлінеді. Бұл – классикалық ортаңғы қозғалтқышты көліктің үйлесімі. Салмағы жағынан электрлі Boxster T-Hybrid гибридті қондырғысы бар қазіргі 911 Cabriolet-пен шамалас.
Шассидің көп бөлшегі 911-ден алынған. Руль басқаруы 911 Carrera GTS негізінде жасалған, дөңгелектердің өлшемі мен тежегіштер де 911-ден, электронды басқарылатын PTV+ дифференциалы да сол модельден келген. Boxster-де артқы осьтің бұрылу жүйесі алғаш рет пайда болады.
Электромобиль жүргізушіге жалықтырарлық көрінбеуі үшін барлық нұсқаға E-Shift жүйесі орнатылады. Түймені басқанда ол жеті сатылы PDK роботталған беріліс қорабына еліктейді: берілісті автоматты түрде немесе руль артындағы қалақшалармен ауыстыруға болады, ал салонда 981 буынды Boxster GTS үлгісімен қайта жасалған алты цилиндрлі оппозитті қозғалтқыштың дыбысы естіледі. Үдеу динамикасы бұдан өзгермейді. E-Shift өшірулі тұрғанда қалақшалар рекуперацияның үш деңгейін ауыстырады.
Көлік Швецияда −30 °C аязда, АҚШ-тағы Өлім алқабында +51 °C ыстықта, Лас-Вегас, Лос-Анджелес пен Шанхайдың қала кептелісінде, теңіз деңгейінен 86 метр төменнен 2750 метр биіктікке дейінгі жолдарда сыналған. Зарядтау бес түрлі стандартта тексерілді.
«Келесі жылдан бастап толық электрлі 718 Boxster клиенттеріміз үшін екі есікті спорткарлар әлеміне сенімді кіру жолы болады», – деді Porsche AG басқармасының төрағасы Михаэль Лайтерс. Сынақтарға қатысқан ралли бойынша екі дүркін әлем чемпионы Вальтер Рёрль: «718 Boxster мен бұрын жүргізген кез келген электромобильден көбірек кері байланыс береді», – деп атап өтті.
Электрлі Boxster-ді Штутгарт-Цуффенхаузендегі Porsche-ның бас зауытында жинайды. 24 қарашадан бастап компания өзінің YouTube арнасында көліктің әзірленуі туралы төрт сериялы деректі фильм көрсетіп жатыр. Porsche 718 моделін толық электрге көшіруді 2021 жылы уәде етіп, мұны онжылдықтың ортасына дейін жүзеге асыруды көздеген еді. Алайда мерзім бірнеше рет жылжыды, ал салалық БАҚ-та жобаның тоқтатылуы туралы қауесет те талай шықты.



