Пеп Гвардиола жазда Италия ұлттық құрамасын басқарудан неге бас тартқанын алғаш рет жария айтты. Бапкердің сөзінше, «жоқ» деу оған ыңғайсыз болған, бірақ «Манчестер Ситидегі» он жылдан кейін тоқтауға мәжбүр болған. Гвардиола бұл туралы 24 қараша, сейсенбі күні «Барселонадағы» бұрынғы серіктесі Ромариоға Romario TV шоуында айтты, деп хабарлайды ESPN.
«Бұл туралы бірінші рет айтып отырмын, иә, мен олармен сөйлестім. Италияға, Италия сияқты елге «жоқ» деу маған ұят болды. Италия құрамасын басқару мансабымдағы ең үлкен құрметтердің бірі болар еді. Бірақ тоқтауым керек екенін түсіндім. Егер олар екі жыл бұрын хабарласқанда, бәлкім, келісер едім», – деді испаниялық маман. Оған Италия футбол федерациясының атынан Паоло Мальдини мен Леонардо ұсыныс жасаған. «Маған өзіме уақыт керек болды. 18 жыл бапкер болып, үш күн сайын, апта сайын ойын өткізгеннен кейін бір сәт келеді де, жай ғана тынығу керек болады», – деп түсіндірді Гвардиола.
Ол бапкерлікке қайта оралуды жоққа шығармады және өзін қызықтыратын бағытты да атады. Ешқашан жаттықтырмаған, бірақ жаттықтырғысы келетін команда туралы сұраққа Гвардиола: «Ұлттық құрама. Бұл – келесі қадам», – деп жауап берді. Мерзімін айтпады. «Шынымды айтсам, білмеймін, расымен білмеймін. Бірақ әзірге жағдайым жақсы. Егер бір күні оралсам, ішкі сезімім солай айтқандықтан және біреуге керек болғандықтан ораламын», – деді бапкер.
Гвардиола 2026 жылы «Манчестер Ситиден» он маусымнан кейін кетті. Осы уақытта ол клубпен бірге алты рет Англия чемпионы атанып, Англия кубогын үш рет және Чемпиондар лигасын жеңіп алды, кейін кемінде бір жылға үзіліс жариялады. Әлем чемпионатына қатарынан үшінші рет жолдама ала алмаған Италия ақыры командаға 2018–2023 жылдары жаттықтырушы болып, Еуро-2020-ны жеңген Роберто Манчиниді қайтарды. ESPN мәліметінше, Гвардиолаға «Манчестер Юнайтедке» кеткен Маурисио Почеттиноның орнына бапкер іздеп жүрген АҚШ футбол федерациясы да қызығушылық танытқан.



