Алматыдағы Брусиловский көшесінде 15 қарашада өртенген №2 ОДЮСШ-ның жеңіл атлетика манежін қайта жаңарту жоспарланған еді, бірақ жоба тоқтатылды. Қала құрылыс басқармасы құжаттама әзірлеу шартын бұзды, себебі ғимаратқа өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасы үшін нормативтік кіреберіс жол ұйымдастыру мүмкін емес. Бұл туралы әкімдік Tengri Sport сауалына жауабында хабарлады.
«ӘсемЖобаҚұрылыс» ЖШС-мен шарт 2025 жылғы 3 желтоқсанда жасалған. Әкімдік құжаттарына сәйкес, екі нұсқа қарастырылған: ғимаратты бұзбай қайта жаңарту – оның жобалау-сметалық құжаттамасына 25,7 млн теңге бөлінген – және ескі ғимаратты бұзып, жаңа манеж салу. Соңғысына 2028–2030 жылдары 46 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бірінші нұсқа бойынша құжаттама 2026 жылы жасалмады: жобалаушылар ғимаратқа тұтас жапсарлас тұрған көрші құрылысқа тап болды.
Өрттің себебі мен кінәлілер әлі анықталған жоқ. Спорт басқармасы манеж техникалық тексеруден кейін бұрынғы орнында қалпына келтірілетінін айтты.
Әзірге жаттығулар басқа алаңдарда жалғасып жатыр. Алматы жеңіл атлетика федерациясының бас менеджері Наталья Попованың айтуынша, спортшылардың 90 пайызы орналастырылды: 250-ге жуық адам Республикалық спорт колледжінде жаттығады, кішкентай балалар аптасына екі рет «Жас Қыран» ФК залына барады. Лақтырушылар мен көпсайыскерлерді Алматы облысындағы ұлттық құрамалардың базасына тасымалдау жоспарланып отыр. «Менің ойымша, жеткілікті жылдам жұмыс істелді», – деді Попова.
Әкімдік тәрбиеленушілер бөлінген алаңдардың қатарында «Құлагер» ДСК мен СШИКОСД ДСК-сын да атады. Қалалық жеңіл атлетика федерациясы өрт болған күні өртенген манежді Алматыда қыста жаттығуға болатын жалғыз орын деп атаған еді – әкімдік бұл пікірмен келіспеді.
№2 ОДЮСШ 1964 жылы құрылған. Манеждің ауданы – 1370 шаршы метр. Мұнда жеңіл атлетикадан бөлек бокс, таэквондо, грек-рим күресі және доп хоккейі бөлімдері жұмыс істеген. Мектеп түлектерінің арасында Сидней-2000 олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина бар.



