25 қарашаға қараған түні Ресей әскері Киев облысындағы, астанадан оңтүстікке қарай шамамен 80 шақырым жердегі Белая Церковь қаласына шабуыл жасады. Белая Церковь қалалық кеңесінің хатшысы Владимир Вовкотрубтың хабарлауынша, бір адам қаза тапты. Бұл – алдын ала мәлімет, шабуылдың мән-жайы анықталып жатыр.
Вовкотрубтың айтуынша, бұл жолы соққы тек аса маңызды инфрақұрылым нысандарына ғана емес, азаматтық бизнеске де тиді: құрылыс және тұрмыстық тауарлар желісінің «Эпицентр» сауда орталығы мен Украинаның ең ірі почта операторы «Нова поштаның» нысандары зақымданды. Тұрғындарға қайталама соққы болуы мүмкін екені ескертіліп, қауіпсіз жерде болу сұралды. Билік зақымданған үйлер мен ғимараттар туралы полицияға хабарлауды өтінді.
Түнде Украина ӘК Әуе күштері Киев облысының үстінде Черкассы облысы жағынан Белая Церковьке қарай ұшқан реактивті шабуылдаушы дрондарды тіркеді. Қаладағы әуе дабылы Киев уақытымен сағат 05:15 шамасында (Астана уақытымен 08:15) аяқталды. Ресейдің түнде Украинаға қанша зымыран мен дрон ұшырғанын Әуе күштері әзірге хабарлаған жоқ.
Белая Церковь соңғы күндері бірнеше рет шабуылға ұшырады. 24 қарашада күндіз Ресей әскері облыстың Белая Церковь және Вышгород аудандарындағы энергетика нысандарына соққы берді, қалада шабуылдан кейін бір ауданда жылу беру тоқтатылды. 24 қарашада кешке Киевтің Шевченко ауданында ресейлік дронның сынықтары 16 қабатты тұрғын үйге құлап, өрт шықты, екі адам зардап шекті, деп хабарлады қала мэрі Виталий Кличко. Киев облысы әлі Димердегі бесқабатты үйге жасалған соққыдан қаза тапқан 12 адамды жоқтап жатыр.



