Байқоңыр ғарыш айлағынан 24 қарашада Астана уақытымен 15:17-де «Прогресс МС-36» жүк кемесін тасыған «Союз-2.1б» зымыраны ұшырылды. Ұшыру 31-алаңнан жүргізілді. Кеме орбитаға қалыпты шығып, үшінші сатыдан бөлінді, антенналары мен күн батареялары ашылды, деп хабарлады Роскосмос.
Бұл рейстің басты жүгі — «Теледроид» антропоморфты роботы. Ол торсы, екі қолы және 30 қозғалыс дәрежесі бар манипулятор. Робот ғарышкерлерге таныс құралдармен — балғамен, трещотка кілтпен, карабинмен жұмыс істей алады. Құрылымы вакуумға, радиацияға және температураның күрт ауытқуына төтеп беретіндей етіп жасалған. Роботты үш тәсілмен басқаруға болады: күш кері байланысы бар экзоқаңқа арқылы, бұл кезде ол адамның қимылын қайталайды; тапсырма беру арқылы, оны робот техникалық көру жүйесінің көмегімен өзі орындайды; сондай-ақ алдын ала берілген сценарийлер бойынша.
Эксперимент 40 сеансқа есептелген: оның 20-сы виртуалды симуляторда, 12-сі ХҒС-тың ресейлік сегментінің ішінде, тағы 8-і стансаның сыртқы бетінде өтеді. Роботтың операторлары — ғарышкерлер Пётр Дубров пен Анна Кикина. «Теледроидты» басқаруға арналған экзоқаңқа орбитаға алдын ала жіберілген: оны 16 қыркүйекте Байқоңырдан ұшқан «Прогресс МС-35» жеткізді. Роскосмос мұндай роботтар күнделікті әрі қауіпті жұмыстарды өз мойнына алып, уақыт өте келе экипаждардың тұрақты көмекшісіне айналады деп есептейді.
Кеме барлығы 2,4 тоннадан астам жүк тасып барады: азық-түлік, стансада өмір сүруге және жұмыс істеуге қажетті жабдық, сондай-ақ «Асептик», «Каскад» және «Орбита-МГ» эксперименттеріне арналған аппаратура.
Ұшыру сәтінің кадрларын Роскосмос өзінің Telegram-арнасында жариялады.
«Прогресс МС-36» кемесінің ХҒС-тың Шағын зерттеу модулімен түйісуі 26 қарашада Астана уақытымен 17:10-ға жоспарланған. Роскосмос тікелей трансляцияны 17:00-де бастайды.
Бұл ұшыруға дайындық туралы airpress.kz бұрын жазған. Байқоңыр Қызылорда облысында орналасқан, Ресей кешенді Қазақстаннан жалға алады. Ұшыру күні Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ғарыш айлағы елге ғарыштық ұшыру нарығына шығуға көмектесетінін мәлімдеді.



