Жаңаөзенде қуаты 120 МВт газ электр станциясы ресми түрде пайдалануға берілді. Оны «ҚазМұнайГаз» бен италиялық Eni компаниясы салды, деп хабарлады Маңғыстау облысының әкімдігі. Станция газ, күн және жел энергиясын біріктіретін, жалпы қуаты 247 МВт гибридті энергетикалық кешеннің үш бөлігінің екіншісі саналады.
Станция өнеркәсіптік көлемдегі электр энергиясын шілдеден бері өндіріп келеді, осы уақытта 26 млн кВт·сағаттан астам қуат берді. Қуатты желіге жеткізу үшін жанынан қосалқы станция мен кернеуі 110 кВ электр беру желісі салынды. Кешен электр энергиясын Маңғыстау облысындағы ҚМГ тобының кәсіпорындарына, ең алдымен «Өзенмұнайгаз» бен Қазақ газ өңдеу зауытына береді.
Кешеннің алғашқы кезегі – қуаты 50 МВт күн электр станциясы 2025 жылғы қыркүйектен бері жұмыс істеп тұр, ол шамамен 93 млн кВт·сағат электр энергиясын өндірді. Қуаты 77 МВт жел электр станциясының құрылысы әлі жүріп жатыр: жыл соңына дейін негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтап, алғашқы турбиналарды орнату жоспарланған, ал пайдалануға 2027 жылы беріледі. Үш нысан да іске қосылғанда кешенде 77 тұрақты жұмыс орны болады, ал толық қуатпен жұмыс істегенде өндірілетін электр энергиясының 35 пайызға жуығы жаңартылатын энергия көздерінен алынады.
Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚМГ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ернар Хасенов және Eni компаниясының Орталық Азиядағы басшысы Сегер Хойтинк қатысты. Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай Қазақстанда энергия көздерінің профицитін қамтамасыз етуді тапсырғанын еске салып, гибридті станцияны осы міндетті орындауға үлес қосатын негізгі жобалардың бірі деп атады.
Гибридті кешеннің құрылысы 2024 жылғы шілдеде басталған, оған ҚМГ мен Eni тең үлеспен қаржы салып отыр. Құрылыстың қызған шағында алаңда мыңнан астам адам еңбек етті. Жаңа қуаттар елдің басқа өңірлерінде де іске қосылып жатыр: биыл қуаты 92 МВт бес күн электр станциясы жұмысын бастауы тиіс, ал қуаты 1113 МВт «Түркістан» бу-газ қондырғысын 2027 жылы іске қосу жоспарланған.



