Қытайдың Xiamen Airlines авиакомпаниясы 50 тар фюзеляжды Boeing 737-8 ұшағын сатып алуға келісті. Олардың каталогтағы жалпы құны шамамен 7,4 млрд доллар (шамамен 3,39 трлн теңге). Бұл туралы 24 қарашада Xiamen Airlines-тың 55%-ына иелік ететін China Southern Airlines Гонконг биржасына ұсынған құжатында хабарлады.
Авиакомпания іс жүзінде аз төлейді: Boeing жеңілдік берген, бірақ тараптар келісімшарт талаптарына сілтеме жасап, түпкілікті бағаны жарияламайды. Ұшақтар 2031–2034 жылдары партиялармен жеткізіледі, сатып алу өз қаражаты мен қарыз есебінен төленеді. Мәмілені әлі акционерлер мен Қытай билігі мақұлдауы керек. Жаңа лайнерлер Xiamen Airlines-қа Сямэньдегі жаңа Сянъань әуежайына көшу және бағыттар желісін кеңейту үшін қажет.
Тапсырыс АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзінен бір күн өткен соң жарияланды. Ол 23 қарашада CNBC-ге берген сұхбатында АПЕК саммитінде Си Цзиньпинмен кездескеннен кейін Қытайға «250 Boeing сатқанын» және тағы 250 ұшақ сатуды күтетінін айтқан. Мамырда Қытай 2017 жылдан бергі алғашқы ірі американдық ұшақ сатып алуын — 200 Boeing ұшағын мақұлдаған еді. Жаңа келісімшарттың осы пакетке кіретін-кірмейтіні әзірге белгісіз.
China Southern тобы жақында 137 Airbus A320neo тобындағы ұшаққа да тапсырыс берген. Компания түрлі өндірушілердің лайнерлері паркті икемді ететінін түсіндіреді. Қараша айында Boeing-ке жаңа тапсырыс беретінін Philippine Airlines пен Malaysia Aviation Group секілді басқа азиялық тасымалдаушылар да жариялады. Xiamen Airlines 1985 жылы құрылғаннан бері Boeing ұшақтарымен ұшады.



