2028 жылғы Америка кубогы тағы да Құрама Штаттарда өтеді — бұл турнирді АҚШ қатарынан екінші рет қабылдайды. Шешімді 24 қарашада, сейсенбіде, Оңтүстік Америка футбол конфедерациясы (КОНМЕБОЛ) мен Солтүстік, Орталық Америка және Кариб бассейні футбол конфедерациясы (КОНКАКАФ) жариялады. Бұл туралы ESPN олардың бірлескен мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады. Турнир 9 маусымнан 9 шілдеге дейін өтіп, 14 шілдеде басталатын Лос-Анджелестегі жазғы Олимпиададан бұрын аяқталады. Ойындар өтетін қалалар әзірге белгісіз.
Турнир 2024 жылғы форматпен өтеді: оған Бразилия мен Аргентинаны қоса алғанда, Оңтүстік Американың барлық 10 құрамасы және КОНКАКАФ-тың алты командасы қатысады. Ол алты команда 2027 жылғы КОНКАКАФ Алтын кубогының қорытындысымен анықталады.
«КОНМЕБОЛ Америка кубогы — жай ғана турнир емес: бұл біздің болмысымыздың, тарихымыздың және Оңтүстік Америка футболы ұлылығының бір бөлігі», — деді КОНМЕБОЛ президенті, ФИФА вице-президенті Алехандро Домингес. КОНКАКАФ басшысы Виктор Монтальяни бұл келісім конфедерацияның алты құрамасына «әлемнің ең мықтыларымен бәсекелесуге жаңа мүмкіндік» беретінін және Алтын кубоктың маңызын арттыратынын атап өтті.
АҚШ бұған дейін 2016 жылы мерейтойлық Америка кубогын және 2024 жылғы өткен турнирді қабылдаған. Сол жолы Майамидегі финалда Аргентина Колумбияны жеңді, ал ойын 82 минут кешігіп басталды: жанкүйерлер «Хард Рок» стадионының бір кіреберісін бұзып өткен еді. Аргентиналықтар Америка кубогын рекордтық 16 рет жеңіп алған, соның ішінде соңғы екі турнирді Лионель Мессимен бірге ұтты. Алайда «Интер Майами» шабуылшысы 2028 жылғы турнирде ойнамайды: ол өткен айда ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады.



