АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Ресейді Украинадағы соғысты тоқтатуға ынталандыру үшін іскерлік мәмілелерді пайдалану идеясынан үнсіз бас тартты. Бұл туралы 25 қарашада, сәрсенбі күні өзгерген тактикадан хабардар бес шенеунікке сілтеме жасап, Financial Times жазды. Газеттің мәліметінше, себебі — Кремль энергетика мен авиация саласындағы ұсынылған жобаларға онша қызығушылық танытпаған.
FT-тың жазуынша, Трамптың өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер еуропалық шенеуніктерге корпоративтік серіктестік бұдан былай америкалық ұсыныстың басты бөлігі емес екенін айтқан. Енді келіссөздердің өзегінде аумақ пен қауіпсіздік мәселелері тұр. «Ресейліктердің мұндай нәрселерге мүдделі емес екені анық байқалды», — деген газет дереккөздерінің бірінің сөзін келтіреді.
Трамптың күйеу баласы Кушнер Ресей мен Украина арасында бітім орнатуға тырысып жүр және бизнесті бейбітшілікті қалпына келтірудің негізі деп санайды. FT мәліметінше, ол соғыстан кейінгі жобаларды да — америкалық компаниялардың Ресейдің мұнай өндірісі мен титан өндірісіне инвестиция салуын ұсынған. Ресей шенеуніктері алғашында бұл идеяларды жылы қабылдағанымен, кейін суып, Украинадан аумақтан бас тартуды және Киев қабылдауға болмайды деп санайтын басқа да жеңілдіктерді талап етіп отыр.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Трамптың өкілдері Ресеймен бітімді қаңтарға дейін жасағысы келетінін айтқан. Оның сөзінше, Киевке қолайлы келісім болмаса, ол АҚШ-тың жаңа Конгресінен әскери көмек пен Ресейге қатаң санкция сұрайды.



