«Кек алушылар: Қиямет күні» (Avengers: Doomsday) фильмінің соңғы трейлері алғашқы 24 сағатта 563 млн рет қаралды. Бұл – Disney тарихындағы ең үздік көрсеткіш әрі барлық кинотрейлер арасындағы екінші нәтиже. Бұл туралы WaveMetrix талдау компаниясының деректеріне сүйеніп Deadline хабарлады.
Ролик шілдеде шыққан фильмнің алғашқы трейлерін де (ол кезде бір тәулікте 503 млн қаралым жиналған), 2024 жылғы Супербоулда көрсетілген «Дэдпул мен Росомаха» тизерін де (телетрансляциямен бірге 365 млн) басып озды. Әдетте соңғы трейлерлерді бастапқысынан аз көреді, ал «Кек алушылар» жағдайында керісінше болды. Одан жоғары тек Sony мен Marvel рекорды тұр: «Өрмекші адам: Мүлдем жаңа күн» (Spider-Man: Brand New Day) фильмінің алғашқы трейлері бір тәулікте 718,6 млн қаралым жинаған. Есесіне «Өрмекші адамның» соңғы ролигін алғашқы күні 131 млн рет көрген – Disney жаңалығы үш еседен астам көп қаралды.
Алғашқы тәулікте трейлер әлеуметтік желілерде миллионға жуық рет аталды, ал сейсенбіге қарай фильм роликтері YouTube-тағы кино трендтерінің алғашқы үш орнын иеленді. WaveMetrix есебінше, «Қиямет күнінің» барлық промоматериалы – жекелеген кейіпкерлер тизерлерінен бастап трейлерлерге дейін – жалпы 3,3 млрд қаралым жинады.
Соңғы трейлер көрермендердің есінде Стив Роджерстің ұлы пайда болуымен қалды, онда Фантастикалық төрттік кейіпкерді тыныш өмірінен суырып алады. Фильмнің әлемдік промотуры өткен демалыста Лас-Вегастағы «Формула-1» кезеңінде басталды, оған Крис Эванс, Энтони Маки және Симу Лю келді. Әрі қарай команда Сан-Паулу, Рим, Лондон, Сеул, Шанхай, Торонто және Лос-Анджелеске барады.
«Кек алушылар: Қиямет күнін» ағайынды Руссолар түсірді, фильмде Доктор Думды Роберт Дауни кіші сомдайды. Картина Патрик Стюарттың соңғы фильмі болды, Marvel актерге арналған трибьют дайындап жатыр. Әлемдік прокаттағы премьерасы 2026 жылғы 18 желтоқсанға белгіленген.



