Уэльс ханшайымы Кейт Миддлтон онкологиялық ауру өзін қалай өзгерткенін алғаш рет осыншалық толық айтып берді. Ол бұл туралы «Heal» («Сауығу») деректі фильмінің үзіндісінде әңгімелейді, ханшайымның сөзін People келтіреді.
«Бұл сенің денеңді өзгертеді, сені физикалық тұрғыдан өзгертеді. Емделуден, операциялардан және басқасының бәрінен өтуге тура келеді. Бірақ диагноз сенің бойыңдағы әлдеқайда терең бөлікке әсер етеді», – дейді 44 жастағы Кейт. Оның айтуынша, өз осалдығыңмен, өз өліміңнің мүмкін екенімен бетпе-бет келгенде, өмірдің шексіз емес екенін мойындауға тура келеді, сондай сәттерде ішкі дүниеде шынымен бір өзгеріс болады. «Бұл сені ашады. Меніңше, бұл жүректі жұмсартады. Ал осындай нәрсені басыңнан өткергенде, бұрынғы өзіңе оралу өте қиын», – деп мойындады ханшайым.
Фильм Three Peaks Challenge сынағына құрылған: маусымның соңында Кейт 24 сағат ішінде Шотландия, Англия және Уэльстің ең биік шыңдарына шықты. Ханшайым бұл өрлеуді өзі емделген Royal Marsden онкологиялық ауруханасына арнады, прокаттан түскен қаржының бәрі осы клиниканың қайырымдылық қорына беріледі. Ханшайым үшін бұл жол – диагноз бен емделуден кейінгі өмір мен сауығудың қандай болатынын түсінуге мүмкіндік.
Жолдың бір бөлігін онымен бірге інісі Джеймс Миддлтон жүріп өтті. Трейлерде ол Royal Marsden дәстүрін еске алады: емделуді аяқтаған пациенттер қоңырау соғады. «Иә, бірақ мен қоңырау соққан жоқпын», – деп жауап береді Кейт. «Онда, мүмкін, мұның өзі сенің қоңырауың шығар», – дейді інісі. Фильмнің соңында ханшайым балаларын – 13 жастағы ханзада Джорджды, 11 жастағы ханшайым Шарлоттаны және сегіз жасар ханзада Луиді құшақтайды.
«Heal» фильмінің BBC-дегі премьерасы 29 қарашада Лондон уақытымен сағат 18:15-те (Астана уақытымен 23:15-те) өтеді. АҚШ-та фильмді 30 қарашада NBC, Австралияда 1 желтоқсанда Channel 9, Канадада 7 желтоқсанда CTV көрсетеді.
Кейт онкологиялық ауруы туралы 2024 жылғы наурызда хабарлады, сол жылдың қыркүйегінде химиотерапияны аяқтап, 2025 жылғы қаңтарда ремиссия туралы мәлімдеді. Кейін ол ең қиыны емделуден кейінгі кезең болғанын мойындады: дәрігерлер енді қасыңда емес, ал бұрынғыдай өмір сүру әлі мүмкін емес. Осы аптада ханшайым тағы да жаңалықтарға ілікті: оның отбасының саяжайына ұрылар түсті.



