Мазмұнға өту
2026 жылғы 25 қараша, сәрсенбі

НБА Еуропадағы жаңа лиганың ареналарына 10 млрд еуро тартпақ

Жаңа және жаңғыртылған залдарға қаражатты Blackstone, KKR және J.P. Morgan сияқты ірі инвестициялық қорлар салады.

Комиссар НБА Адам Сильвер на матче лиги
Фото: Keith Allison / Wikimedia Commons

НБА Еуропада баскетбол ареналарын салуға және жаңғыртуға, сондай-ақ олардың маңындағы ойын-сауық орамдарына кемінде 10 млрд еуро (шамамен 5 трлн теңге) тарту жоспарын жариялады. Бұл бастама туралы лига 25 қарашада, сәрсенбіде Лондоннан таратқан ресми релизінде хабарлады.

Қаражат НБА Халықаралық баскетбол федерациясымен (ФИБА) бірге 2027 жылы Еуропада іске қоспақ жаңа кәсіби лигаға қажет. Болашақ клубтар мен олардың иелері заманауи залдар салу үшін капитал мен НБА тәжірибесіне қол жеткізеді. Лига инвесторларды жинап жатыр: олардың қатарында Apollo Sports Capital, Ares Management, KKR құрамындағы Arctos, Blackstone, BlackRock-тың бөлігі HPS Investment Partners, J.P. Morgan, Sixth Street және Stonepeak бар.

«Заманауи ареналар мен олардың айналасында салынатын нысандар баскетбол командалары мен олардың маңындағы аудандарды қалай түбегейлі өзгертетінін өз көзімізбен көрдік. ФИБА-мен бірге Еуропада жаңа лиганы іске қосуға дайындалып жатқанда, біз клубтарға еуропалық баскетболдың бірегей дәстүрлеріне сүйенетін, әрі жанкүйерлерге қызмет көрсету деңгейін көтеріп, әлдеқайда көп іс-шара тартатын нысандар салуға көмектесудің үлкен мүмкіндігін көріп отырмыз», – деді НБА комиссары Адам Сильвер.

Қалаға байланысты ареналардың жанында тұрғын үй, кеңселер, мейрамханалар, дүкендер мен қоғамдық кеңістіктер пайда болуы мүмкін. The Sports Consultancy консалтингтік компаниясының бағалауынша, жаңа лига алғашқы он жылда Еуропа ЖІӨ-сіне 24 млрд еуродан астам үлес қосып, жыл сайын 15 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып, трибуналарға шамамен 70 млн көрерменді жинауы мүмкін. Инвесторлармен және құрылыс салушылармен келіссөз әлі жалғасып жатыр.

НБА еуропалық залдарға үлгі ретінде Лос-Анджелестегі «Клипперстің» үй алаңы Intuit Dome-ды атайды. Ал 2027 жылы еуропалық жанкүйерлер НБА-ның тұрақты маусымының ойындарын қайта тамашалайды: «Сан-Антонио» мен «Жаңа Орлеан» Париж бен Манчестерде ойнайды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз