Украина қорғаныс күштері 24 қарашада және 25 қарашаға қараған түні Ресейдің Нижний Новгород облысындағы «Саваслейка» әуеайлағына шабуыл жасады. Бұл әуеайлақ Украина шекарасынан шамамен 700 шақырым жерде орналасқан. Украина Қарулы күштері Бас штабының алдын ала деректері бойынша, ресейлік бес әскери ұшақ — үш МиГ-31 мен екі Су-34 зақымданған. Олар біраз уақыт ұша алмайды.
«Саваслейка» — Ресей әскери авиациясының негізгі әуеайлақтарының бірі. Мұнда «Кинжал» аэробаллистикалық зымырандарын тасымалдайтын МиГ-31К жойғыштары орналасқан. Бұл зымырандар өте жоғары жылдамдықпен ұшады, оларды атып түсіру қиын. Ресей жаппай шабуыл кезінде оларды Украина қалалары мен энергетика нысандарына жібереді. Осындай бір ұшақтың көкке көтерілуі бүкіл Украинада әуе дабылын тудырады. Су-34 — майдандық бомбалаушы ұшақ, Ресей әскері одан Украина қалаларына басқарылатын авиабомбалар тастайды.
«Зақымның деңгейі мен саны нақтыланып жатыр. Бұдан да жақсы жаңалықтар болуы мүмкін», — делінген Бас штабтың хабарламасында. Әуеайлаққа қандай қарумен соққы берілгені айтылмаған.
Бас штабтың мәліметінше, сол тәулікте қорғаныс күштері басып алынған аумақтардағы нысандарды да зақымдады. Олардың ішінде Луганск облысындағы әуе нысаналарын анықтап, ресейлік әуе қорғанысына дерек беретін П-18 радиолокациялық станциясы, Луганск және Донецк облыстарындағы бірнеше жанар-жағармай мен жабдық қоймасы, сондай-ақ Донецк облысындағы оқ-дәрі қоймасы бар.
Украина «Саваслейкаға» бірінші рет соққы беріп отырған жоқ. 2025 жылғы маусымда Украина Қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштері әуеайлаққа шабуыл жасап, екі ұшақты — МиГ-31 мен Су-30 немесе Су-34-ті зақымдаған. Әуеайлақтар мен зымыран тасымалдаушы ұшақтарға соққы беру Украина қалаларына жететін зымырандар санын азайтудың бір жолы: істен шыққан әрбір МиГ-31К келесі шабуылда «Кинжал» азаяды деген сөз.
Сол түні қорғаныс күштері Самара облысындағы «Роснефтьтің» екі мұнай өңдеу зауытына да — Сызрань мен Самарадағы зауыттарға шабуыл жасады.



