Telegram-ның негізін қалаушы әрі иесі Павел Дуров мессенджердегі @liar («өтірікші») юзернеймі үшін 1 млн доллар төленгенін хабарлады. Ұлттық банк бағамы бойынша бұл шамамен 458,6 млн теңге. Ол бұл туралы 25 қарашада Астана уақытымен сағат 17:56-да өзінің Telegram-арнасында жазды. Ақша Gram криптовалютасымен түскен — Дуров оны Telegram-ға кіріктірілген монета ретінде насихаттап жүр.
Оқиға бірнеше сағат бұрын басталған. 25 қарашаға қараған түні, Астана уақытымен, Дуров біреудің осы лақап ат үшін оған миллион доллар ұсынғанын айтып, мәмілеге күмәнмен қарады: «Ақшаның шын екеніне сенгім келеді. Бірақ @liar деп танылғысы келетін адамға сену қиын». Төлем түскен соң ол сатып алушыны сенімді адам деп атар едім, бірақ оның жаңа брендіне зиян келтіргім келмейді деп әзілдеді. Лақап атты кім сатып алғанын Дуров нақтыламады.
Telegram негізін қалаушының мәміле туралы жазбасы:
Дуров жазбасына @liar-дың Fragment-тегі парақшасының сілтемесін қоса берді. Fragment — Telegram лақап аттары TON блокчейнінде цифрлық актив ретінде сатылатын алаң. Онда бұл юзернейм аукцион лоты ретінде көрсетілген.
Telegram-дағы қысқа лақап аттар әлдеқашан жеке нарыққа айналды. «Код Дурова» хабарлауынша, 2026 жылғы ақпанда @danbao юзернеймі шамамен 2,2 млн долларға сатылған. 2025 жылы Дуров @crypto лақап атының иесіне 25 млн доллар ұсынылғанын айтқан, ал ол бұл атты 350 мың долларға сатып алған еді. Жақында Дуровтың өзі @pride лақап аты үшін оған 256 мың доллар ұсынылғанын жазды.



