Алматы әуежайында полиция қызметкерлері Оралға ұшатын рейстен 40 жастағы жолаушыны түсіріп қалды, кейін сот оны 15 тәулікке қамауға алды. Бұл туралы 25 қарашада ІІМ хабарлады.
Оқиға ұшу алдындағы тексеру кезінде болған. Орал қаласының тұрғыны мас күйде болып, өзін агрессивті ұстаған және әуе компаниясының қызметкерлеріне балағат сөз айтқан. Әуежайдағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері әуе компаниясы өкілдерінің актісі негізінде оны рейстен түсіріп, полиция бөлмесіне жеткізді. Жолаушының қай әуе компаниясымен ұшпақ болғанын полиция нақтыламады.
Жолаушы бірден екі бап бойынша жауапқа тартылды: алкогольдік ішімдік ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін және ұсақ бұзақылық үшін. Соттың шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынды.
Полиция қоғамдық орында мас күйде жүру, балағат сөз айту, азаматтарды немесе экипаж мүшелерін қорлау және қоғамдық тәртіпті өзге де бұзу заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Көліктегі полиция департаменті жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын өз жұмысының басты басымдығы деп атады.
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаменті 86 181 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның 6 810-ы – алкоголь ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүру, тағы 719-ы – ұсақ бұзақылық. Бұған дейін көліктегі полиция қызметкерлері Тбилиси – Астана рейсінен ұшақ бортында вейп шеккен жолаушыны түсірген еді.



