Ақтаудағы 11-шағынаудандағы №20 үйдің тұрғындары бір аптадан бері жылусыз әрі ыстық сусыз отыр. Қала әкімдігі бұл үйдегі автоматтандырылған жылу пунктінің (АЖП) кепілдік мерзімі біткенін айтып, мердігер ұйымға ақауларды жойып, жөндеу жүргізуді ұсынатынын мәлімдеді. Жөндеудің мерзімін әкімдік атамады.
Тұрғындардың айтуынша, олар «Каспий жылу, су арнасы» МКК-ға және 109 бірыңғай байланыс орталығына бірнеше рет хабарласқан, бірақ себебін де, мерзімін де ешкім айтпаған. ПИК-те оларға сорғы істен шыққанын айтқан. «Сорғыны кім жөндеуі керек, біз, тұрғындар, не істеуіміз керек — мұны ешкім түсіндіре алмайды», — деді тұрғындар Lada.kz сайтына. Редакция «Каспий жылу, су арнасына» жүгінгенде, онда сұрақты қала әкімдігіне жіберген.
Әкімдік 2024 жылдан бері жылу жетіспейтін үйлерде ескірген элеваторлық тораптар автоматтандырылған жылу пункттерімен ауыстырылып жатқанын еске салды. 2025 жылы жоғарғы шағынаудандардағы 104 үйге осындай 170 торап қойылған, биыл тағы 107 торап орнатылып жатыр. АЖП сыртқы ауа райына қарай жылу беруді өзі реттеп, жылу шығынын азайтады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі орнатылған жүйелерге қызмет көрсететін ұйымды таңдау үшін конкурс өткізбек. Сондай-ақ әкімдік жылу үзіліссіз берілуі үшін үй ішіндегі желілерге уақтылы қызмет көрсету керек екенін атап өтті.
Пәтерде жылу немесе ыстық су болмаса, «Каспий жылу, су арнасы» жедел-диспетчерлік қызметке хабарласуға кеңес береді:
- +7 (7292) 60-53-16;
- +7 (7292) 60-52-22;
- WhatsApp: +7 (771) 308-51-92.
Жылыту маусымы басталғалы ақтаулықтар пәтердегі суыққа ғана шағымданып отырған жоқ. Кеше коммуналдық кәсіпорын Ақтауда крандан лас ыстық су ағуының себебін түсіндірді.



