Америкалық миллиардер Тодд Боули Ресейдің «Лукойл» мұнай компаниясының шетелдегі активтерін сатып алу туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы кәсіпкер 25 қарашада мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters. Мәміле ақшамен емес, айырбас арқылы жүреді: Боули консорциумы кен орындары, зауыттар мен жанармай құю бекеттері үшін «Лукойлдың» шамамен 10 млрд долларлық (4,6 трлн теңгеге жуық) бағалы қағаздарын береді.
Боули — Eldridge инвестициялық компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі «Лос-Анджелес Доджерс» бейсбол клубының иелерінің бірі, бұрын «Челси» футбол клубында да үлесі болған. Консорциумға онымен бірге АҚШ-тың мемлекеттік Халықаралық даму қаржы корпорациясы (DFC), америкалық Xtellus Partners банкі және БАӘ-дегі Catena Investment Holding кірді. DFC арқылы Вашингтон директорлар кеңесінен орын және жеке инвесторлар салымын қайтарғаннан кейін пайданың бір бөлігін алады.
CNBC дереккөздерінің мәліметінше, мәмілеге Болгария, Румыния, Африка және Таяу Шығыстағы мұнай өңдеу зауыттары мен өндіру активтері, сондай-ақ АҚШ, Еуропа және Азиядағы жанармай құю бекеттері кіреді. Жаңа иелер тәулігіне шамамен 350 мың баррель мұнай өндіруді қолына алады. Reuters-тің екі дереккөзі «Лукойлдың» бүкіл шетелдік портфелін шамамен 16 млрд долларға (7,3 трлн теңгеге жуық) бағалады.
Айырбасқа арналған қағаздарды консорциум америкалық және британдық қорлардан сатып алған: олар 2022 жылы, Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан кейін бұғатталған. Акциялар «Лукойлдың» өзіне бірден берілмейді — олар БАӘ-дегі эскроу-шотқа, яғни келісілген шарттар орындалғанда ғана қағаздар берілетін арнаулы шотқа салынады. Мәмілені АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) мақұлдауы тиіс. Боулидің бағалауынша, бұған бір жылға дейін уақыт кетуі мүмкін.
Қазақстанда «Лукойлға» Қарашығанақтағы 13,5%, «Теңізшевройлдағы» 5% және Каспий құбыр консорциумындағы 12,5% үлес тиесілі. КҚК — қазақстандық мұнайдың экспортқа шығатын негізгі бағыты. Бұл үлестер жаңа мәмілеге кіретін-кірмейтінін тараптар әзірге ашқан жоқ. Бұған дейін АҚШ Қаржы министрлігі КҚК-ны, Теңіз бен Қарашығанақты компания сатуға міндетті активтер тізімінен шығарған, ал «Лукойлдың» америкалық Carlyle-мен қаңтардағы келісімі қазақстандық активтерді қамтымаған.
«Лукойл» шетелдегі бизнесін 2025 жылғы қазанда АҚШ санкциялары енгізілгеннен кейін сата бастады. Вашингтон бұған дейін Gunvor трейдерімен және Xtellus Partners кірген топпен жасалатын мәмілелерді бұғаттады, ал Carlyle-мен келісім лицензия ала алмай, 2026 жылғы шілдеде күшін жойды.



