«Ньюкаслға» иелік ететін Сауд Арабиясының PIF егемен қоры жаңа акциялар шығару арқылы ағылшын клубының 25 пайызына дейінгі үлесін сатуға дайын. Мәмілені американдық JP Morgan банкі жүргізеді. Бұл туралы алғаш The Athletic хабарлады, кейін The Guardian да жазды. Клубтың өзі пікір білдіруден бас тартты.
Әңгіме сауд инвесторларының сатудан пайда табуы туралы емес. Қор ірі инфрақұрылымдық жобаларды – жаңа стадион салуды немесе «Сент-Джеймс Паркті» қайта жаңғыртуды қаржыландыруға көмектесетін серіктестер іздеп жүр. Қосымша акция шығарылғаннан кейін PIF үлесі жай ғана азаяды. Қазір қорға «Ньюкаслдың» 84 пайызы тиесілі, қалған 16 пайызы лондондық Рубен ағайындыларының қолында. PIF өкілдері қор клубпен ұзақ уақыт жұмыс істеуге әлі де бейіл екенін айтады.
«Ньюкасл» – осы маусымда ресми түрде инвестор іздей бастаған АПЛ-дің екінші клубы. Өткен айда «Эвертон» иелері клубты сату үшін Moelis & Company банкін жалдады, ал жазда «Ливерпульдің» иесі Fenway Sports Group акциялардың 38 пайызын Amazon негізін қалаушы Джефф Безос кіретін консорциумға сатты.
Бұл шешім PIF-тің спортқа жұмсалатын шығынды қысқарту бағытымен үндес. Қор LIV Golf гольф лигасын қаржыландыруды тоқтатты, ал лига қарашада банкроттыққа арыз берді. Сондай-ақ PIF Сауд Арабиясының «Аль-Хиляль» клубындағы үлесін сатып, WTA қорытынды турнирін өткізуден мерзімінен бұрын бас тартты. Саудиялықтар «Ньюкаслды» 2021 жылы Майк Эшлиден сатып алған. Эдди Хаудың тұсында команда Чемпиондар лигасына екі рет шығып, 2025 жылы 70 жылдан бері алғашқы ішкі трофейі – Ағылшын лигасы кубогын жеңіп алды. Алайда АПЛ-дің қаржы ережелері иелерге құрамға «Манчестер Сити» сияқты көп қаражат салуға мүмкіндік бермеді.



