Мазмұнға өту
2026 жылғы 26 қараша, бейсенбі

КХДР Швейцария дипломатын елден шығарып, кеңсесін жапты

Бұған Берннің «Сондовон» балалар лагеріне салған санкциясы себеп болды: Батыс бұл лагерьді Ресей бақылауындағы Украина аумақтарынан балаларды әкетуге қатысы бар деп айыптайды.

Лидер КНДР Ким Чен Ын подписывает документы на заседании военной комиссии в Пхеньяне
Фото: KCNA/EPA

Солтүстік Корея Швейцарияның Пхеньяндағы дипломатиялық кеңсесін ашылғанына бір ай толмай жатып жапты. 25 қарашада, сәрсенбіде, Швейцария СІМ КХДР билігінің шешімі туралы ресми хабарлама алғанын айтып, бұған «өкініш білдірді» және кеңсе басшысын Швейцарияның Бейжіңдегі елшілігіне қайтаратынын мәлімдеді. Бұл туралы Reuters пен AP агенттіктеріне сілтеме жасап, Al Jazeera хабарлады.

Бір күн бұрын КХДР СІМ кеңсе басшысы Сильвен Астьені шақырып, өкілдікті жабу талабы жазылған меморандум тапсырған. «КХДР Сыртқы істер министрлігі Швейцарияның КХДР-дағы дипломатиялық кеңсесінің басшысын персона нон грата деп жариялап, оған елден 48 сағат ішінде кетуді талап етті», — делінген мемлекеттік Корея орталық телеграф агенттігі (ЦТАК) таратқан мәлімдемеде. «КХДР-дың егемендік құқықтары мен азаматтарының мүддесін бұзатын кез келген әрекетті біз ешқашан құптамаймыз», — деп қосты ведомство.

Пхеньян осылайша Берннің «Сондовон» халықаралық балалар лагерін санкция тізіміне енгізу шешіміне жауап берді. Батыс бұл лагерьді Ресей бақылауындағы Украина аумақтарынан балаларды әкетуге қатысы бар деп айыптайды. КХДР санкцияны ашық дұшпандық қадам деп атады. Ел басшысы Ким Чен Ынның ықпалды қарындасы Ким Ё Чжон санкция КХДР-дың егемендігіне және балаларға мәдени демалыс мүмкіндігін беру міндетіне қол сұғады деп мәлімдеді.

Швейцария СІМ сейсенбіде-ақ санкциялық саясаттың дипломаттардың Пхеньянға оралуымен ешқандай байланысы жоқ екенін айтқан. Ведомствоның сөзінше, кеңсе «әмбебап сыртқы саясат» аясында, Берннің кей мәселелерде келіспеушілігі бар елдермен де диалог арналарын сақтау үшін ашылған.

Кеңсе 19 қазанда жұмысын бастап, 29–30 қазанда оны Швейцария Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассис ресми түрде ашты. Ол — 2003 жылдан бері КХДР-ға барған алғашқы швейцариялық сыртқы істер министрі. Бұған дейін өкілдік пандемияға байланысты 2020 жылғы наурыздан бері жұмыс істемеген. Швейцария КХДР-мен дипломатиялық қатынасты 1974 жылы орнатқан және Пхеньянмен диалогты сақтап отырған санаулы батыс елдерінің бірі. Бар деректерге қарағанда, Ким Чен Ын мен Ким Ё Чжон 1990-жылдары жасөспірім кезінде Швейцариядағы мектепте оқыған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз