Мазмұнға өту
2026 жылғы 26 қараша, бейсенбі

Ресей дрондары Харьков облысында ерлі-зайыптылар мен жүргізушіні өлтірді

Золочев кентінен шыққан ерлі-зайыптылардың денесі бар өртенген көлікті Ресей шекарасына жақын ауыл жолының жиегінен тапты.

Последствия российского удара в Харьковской области 25 ноября
Фото: Харьковская областная прокуратура

Ресей әскері 25 қараша, сәрсенбі күні Украинаның солтүстік-шығысындағы Харьков облысында үш бейбіт тұрғынды өлтірді. Мироновка мен Должик ауылдарының арасындағы жол жиегінен ішінде екі адамның денесі бар өртенген жеңіл көлік табылды. Алдын ала деректерге қарағанда, олар Золочев кентінде тұратын ерлі-зайыптылар: 54 жастағы ер адам мен 51 жастағы әйел. Тағы бір соққы Дергачи — Золочев тасжолындағы шағын автобусқа тиіп, 42 жастағы жүргізуші қаза тапты. Золочев аумақтық қауымдастығы Харьковтың солтүстік-батысында, Ресей шекарасына жақын орналасқан. Мұнда ресейлік дрондар бейбіт тұрғындардың көліктерін күн сайын дерлік аңдиды.

Ерлі-зайыптылардың көлігі туралы алғаш Харьков облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов хабарлады. Оның айтуынша, көлікке ресейлік дрон шабуыл жасаған, оқиға орнында тиісті мамандар жұмыс істеп жатыр. Облыстық прокуратура көліктегі адамдардан тек күйіп кеткен сүйектері ғана қалғанын, қаза тапқандардың жеке басы әлі нақтыланып жатқанын айтты. Ресей дроны Volkswagen Crafter шағын автобусын Киев уақытымен шамамен сағат 11:30-да (Астана уақытымен 14:30-да) Феськи ауылына бұрылатын жердің маңында, көлік тасжолмен келе жатқанда атқылады.

Күндіз ресейліктер облыстың оңтүстігіндегі Лозовая ауданына қарасты Златополь қаласына да соққы берді. Киев уақытымен шамамен сағат 12:20-да қалаға зымыран келіп түсті. Прокуратураның алдын ала дерегінше, бұл «Бандероль» типті зымыран. Азаматтық кәсіпорынның ғимараты мен дүкен ішінара қирап, көліктер зақымданды, 43 және 60 жастағы екі ер адам жараланды.

Харьков облысында бұл күн басқа қасіретпен басталған еді: таңертең ресейлік оператор басқарған FPV-дрон Харьковтың шығысындағы Федоровка ауылының маңында маршруттық автобусқа соққы беріп, 66 жастағы жүргізуші қаза тапты, тағы жеті адам жараланды. Харьковтың өзі де соққы астында қалды: реактивті дрон қалаға шабуыл жасап, 26 жастағы ер адам ауруханаға түсті, ал түстен кейін қаланың бір бөлігінде жарық сөнді.

Адамдар қаза тауып, жараланған барлық жағдай бойынша Харьков облыстық прокуратурасы соғыс заңдары мен әдет-ғұрыптарын бұзу бабы бойынша тергеу бастады. Бұл — әскери қылмыс, оған ресейлік қолбасшылық пен соққы жасағандар жауап береді.

Харьков облысы — Украинада ең көп атқыланатын өңірлердің бірі. Синегубовтың дерегінше, өткен аптаның өзінде ресейлік соққылар облыстың 49 елді мекеніне тиген: 13 адам қаза тапты, олардың арасында бала бар, тағы 148 адам жараланды. Ресей Харьков облысын зымырандармен, басқарылатын авиабомбалармен, «Герань» шабуылдаушы дрондарымен және жүздеген басқа дрондармен атқылады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз