Ақмола облысының Бурабай ауданында құтқарушылар судан өздігінен шыға алмай қалған жабайы аққуды құтқарды. Құтқару жұмысы 25 қарашада өтті, деп хабарлады Ақмола облысының ТЖД.
Құтқарушыларға аудандағы су айдындарының бірінде құстың қиын жағдайға тап болғаны туралы хабар түскен. Шақырту бойынша ТЖД-ның жедел-құтқару жасағы шықты. «Шақырту орнына ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары келді. Олар құсты судан шығарып, жағаға жеткізді», – деді Kazinform агенттігіне өңірлік ТЖД-ның ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Жағада аққу «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлеріне тапсырылды. Содан кейін құсты «Бурабай даму» серіктестігіне жеткізіп, оны ветеринар дәрігер тексерді. Құтқарушылардың айтуынша, аққу өсіп-жетілген соң қайтадан еркіндікке жіберіледі.
ТЖД өкілдері құсты арнайы гидрокостюм киген, сақтандыру құралдарын пайдаланған кәсіби мамандар құтқарғанын атап өтіп, мұндай жағдайды көргендерге үндеу жасады: «Сондықтан осындай жағдайдың куәсі болсаңыз, жұқа мұзға өз бетіңізше шықпаңыз! Өміріңізді қауіпке тікпеңіз».
Бурабай (Боровое) – Қазақстандағы ең танымал курорттардың бірі. Жақында Бурабай көлінде тек электр қайықтары қалатыны белгілі болды. Ал біраз бұрын Қостанай облысында құтқарушылар Жітіқарадағы зират қоршауына қысылған аққуды босатқан еді.



