Қарағандыда 7-магистральда жасанды интеллект есептеп шығарған бағдаршамдардың жаңа жұмыс режимін сынай бастады, деп хабарлады Қарағанды облысының әкімдігі. Пилоттық жобаға Терешкова көшесінен Стартовый тұйығына дейінгі учаске енді: ондағы алты бағдаршам нысаны енді бір-бірімен үйлесімді жұмыс істейді.
Жаңа режим тек жұмыс күндері қарбалас уақытта — сағат 07:00-ден 10:00-ге дейін және 16:30-дан 19:30-ға дейін қосылады. Қалған уақытта, оның ішінде демалыс күндері, бағдаршамдар бұрынғы тәртіппен жұмыс істейді.
Мамандардың есебінше, таңертең солтүстік бағытта жүргенде жүргізушілер орта есеппен үш рет емес, бір-ақ рет тоқтайды. Карл Маркс көшесінен шығатындар көп жағдайда қиылыстан екі емес, бір жасыл белгіде өте алады. Қарбалас уақытта учаскедегі көліктердің орташа кідіру уақыты шамамен 40 пайызға қысқаруы тиіс.
Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің түсіндіруінше, камералар әр жолақтағы көліктерді санайды, ал нейрожелі қозғалыс қарқынын бағдаршамдардың режимдерімен салыстырып, ең тиімді баптауды ұсынады. Модельдеу бұл учаскедегі кептелістерді негізінен бір-бірімен үйлеспеген бағдаршамдар тудырғанын көрсетті. Мәселен, Камская көшесімен қиылыстағы бағдаршам мен ХМК маңындағы реттелетін жаяу жүргінші өткелі бір-бірінен 81 метр жерде тұр, бірақ әртүрлі режимде жұмыс істеген, сондықтан жүргізушілер екі рет тоқтауға мәжбүр болған. Қазір мамандар жасанды интеллект ұсыныстарын жолда тексеріп жатыр, пилоттық жоба аяқталған соң нақты нәтижесін бағалайды.
Қарағандыдағы жол қозғалысын басқарудың бірыңғай жүйесіне 233 бағдаршам қосылған, оның оны бейімделгіш режимде, яғни көлік ағынына өздігінен бейімделіп жұмыс істейді.



