23 және 24 қарашада өткен компьютерлік тестілеуден судья лауазымына үміткер 50 адамның бесеуі ғана өтті, деп хабарлады Жоғары Сот Кеңесі. Олар біліктілік емтиханын жалғастырады: эссе жазып, практикалық кейстерді шешеді және психологиялық тестілеуден өтеді.
Кеңес үміткерлердің көбі өтпей қалғанын болашақ судьяларға қойылатын талаптардың қатаюымен байланыстырады. Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың тапсырмасымен емтихан базасы заңнамадағы өзгерістер ескеріліп, толық қайта қаралды және 300 сұрақтан 1 000 сұраққа дейін кеңейтілді. Барлық үміткердің жағдайы бірдей болуы үшін тапсырмалар нормативтік құқықтық актілердің бекітілген бірыңғай тізбесі бойынша ғана құрастырылады.
2026 жылдың басынан бері компьютерлік тестті 640-қа жуық үміткер тапсырды, олардың шамамен 20 пайызы шекті деңгейден өтті.
Заңнаманы білуге арналған тестілеу — судья лауазымына біліктілік емтиханының алғашқы кезеңі. Үміткерлерге құқықтың тоғыз саласы бойынша 100 сұрақ беріледі, жауап беруге 90 минут уақыт бар, сәтті өту үшін кемінде 75 балл жинау керек. Нәтиже бір жыл бойы жарамды, оған апелляциялық комиссияға шағымдануға болады. 2025 жылдан бастап емтихан бұрынғыдай тоқсанына бір рет емес, ай сайын өткізіледі, сондықтан заңгерлер дайындығын алдын ала жоспарлай алады.



