Сан-Францискодағы Waymo робот-таксиінің жолаушысы орындықтан оқталған Colt .25 тапаншасын тауып алды. Бұл 17 қарашада жергілікті уақыт бойынша шамамен 16:16-да (Астана уақытымен 18 қарашада 05:16) Норт-Бич ауданында болды, деп растады Сан-Франциско полициясы. Жолаушы Стефано Скалия бұл туралы X желісінде тек бір аптадан кейін жазды, ал оның жазбасы тез арада жүздеген мың қаралым жинады.
«Отырған кезде кәдесый оттық деп ойлаған нәрсем оқталған тапанша болып шықты — Colt .25. Мен бұрын ату нұсқаушысы болғанмын, сондықтан қаруды қауіпсіз күйге келтірдім. Патронникте патрон бар еді», — деп жазды Скалия. Оның айтуынша, тапаншаны бала немесе басқа біреу алып, шүріппесін басса, ол атылып кетер еді.
Скалияның робот-такси орындығындағы тапанша суреттері бар жазбасы:
Жолаушыны бәрінен бұрын қолдау қызметі ашуландырды. Оның сөзінше, байланыс түймесін басқаннан кейін оператор робот-таксиде қару ұстауға тыйым салынғанын айтып, тапанша соныкі екенін меңзеген. «Сонда мен мәселені жоғары жаққа жеткізіп, көлікті тоқтатуларын ЖАЛЫНЫП СҰРАДЫМ», — деп жазды Скалия. Оның айтуынша, аға оператор оқиғаны тыңдап, полицияға оның «Норт-Бичтегі Waymo көлігінде тапаншамен» отырғанын хабарлайтынын айтқан. Содан кейін Скалия көліктен түсіп, өзінің қарусыз екенін, ал тапанша салонда жатқанын ескерту үшін 911-ге өзі қоңырау шалды, деп жазады KQED.
Waymo бұл сөзбен келіспейді. Компанияның нұсқасы бойынша, төтенше жағдайлар жөніндегі маман жолаушыға оның ешқандай кінәсі жоқ екенін айтып, полицияға тапаншаны сол тапқанын және ол көліктің жанында қарусыз күтіп тұрғанын жеткізген. «Қауіпсіздік — біздің басты басымдығымыз, біз мұндай жағдайларға байыппен қараймыз», — деді Waymo өкілдері. Компания сапар деректері бойынша қаруға тыйымды бұзған аккаунт иесін анықтап, шара қолданды және осы жағдайда қолдау қызметінің жұмысын тексеріп жатыр. Полиция тапаншаны алып қойды. 800-ден астам сапар жасаған Скалияға Waymo екі тегін сапар берді.
Waymo-да қаруға қатысты оқиға бірінші рет болып отырған жоқ. Қыркүйекте компания оқталған мылтығы бар екі кәмелетке толмаған жолаушыға байланысты робот-таксиді өзі тоқтатып, полиция шақырған — олар ұсталды. Қарашада Waymo трассалардың жабық жолақтарына кіріп кеткені үшін 4,5 мың робот-таксиді кері шақырды.
Робот-таксиді Қазақстанда да күтіп отыр: inDrive, Pony.ai және Nvidia 2027 жылдың бірінші жартысында Астанада сынақтарды бастамақ, алғашында салонда оператор болады, деп TechCrunch басылымына айтты inDrive техникалық директоры Юрий Мисник.



