Қазақстанның ұлттық костюмі «Әлем аруы» байқауында алғаш рет үздік 15 киімнің қатарына енді. Алина Ридің Пуэрто-Рикода өткен 75-ші мерейтойлық байқаудағы нәтижесін Miss Qazaqstan дирекциясы Instagram парақшасында жариялады. Шымкенттік 22 жастағы модель 30 қатысушы өткен жартылай финалға іліге алмады.
Дирекция мәліметінше, еліміздің ұлттық киімі 100-ден астам қатысушының арасынан үздік 15 киімнің қатарына қосылды, ал Алинаның өзі көрермендердің қолдауымен Miss People’s Choice номинациясы бойынша үздік 20 қатысушының қатарына енді. «Біз Алина мен оның жетістіктерін мақтан тұтамыз. Бұл — Қазақстан үшін ерекше мақтаныш, ал Алина үшін жаңа жарқын жеңістердің бастауы!» — делінген хабарламада.
Алинаның өзі Miss Universe сахнасына Miss Kazakhstan байқауынан бастап екі жыл бойы жол тартқанын Instagram-да жазды. «Мен Miss Universe-те осындай нәтижеге жеткен Қазақстанның алғашқы өкілі болдым», — деп атап өтті ол. Ол дауыс беруде үздік бестікке енгенін жазады, ал дирекция хабарламасында үздік 20 қатысушы туралы айтылады.
Алинаның сөзінше, қазір бойындағы эмоция көп болғаны сонша, сөз табу қиын. «Мүмкін, бәрі біз армандағандай болмаған шығар, бірақ мен үшін адамдардан алған мойындауым әлдеқайда құнды. Рейтингтегі орынмен өлшеп болмайтын махаббат», — деп жазды ол. Жазбасын Алина: «Мен мұнда арманмен келдім, ал жүрегімде орасан зор махаббат пен алғыс сезімімен қайтып барамын», — деп аяқтады. Жарияланым 13 мыңға жуық лайк пен 600-ден астам пікір жинады.
Алина Ри байқаумен қоштасқан жазба:
75-ші «Әлем аруы» тәжін байқауды қабылдаған Пуэрто-Риконың өкілі Дженнифер Баррето иеленді. Финал Сан-Хуанда жергілікті уақытпен 24 қарашада өтті.
Қазақстан «Әлем аруы» байқауына 2006 жылдан бері қатысып келеді, бірақ еліміздің өкілдері бірде-бір рет жартылай финалға өтпеген. Осы уақытқа дейін ең жоғары нәтиже Альфина Насырованікі саналған: ол 2008 жылы Вьетнамда Best Ao Dai арнайы номинациясы бойынша — дәстүрлі вьетнам көйлегімен шыққаны үшін — үздік бестікке енген.
Ұлттық костюмдер көрсетіліміне Алина ел туына арналған «Алтын бүркіт: Қазақстан рухы» бейнесімен шықты. Костюмнің салмағы — 30 кг, механикалық қанаттарының құлашы — 4,5 метр. Бұл бүркіт қанатты бейне туралы финал алдында жазған едік.
Алина Екатеринечева сахнада Ри деген тегімен өнер көрсетеді. Ол Miss Qazaqstan 2025 титулын Алматыда жеңіп алып, Miss Universe 2026 байқауында елімізді таныстыру құқығын алды. Мамандығы — заңгер, 14 жасынан бері модель болып жұмыс істейді, Damiani және Guess брендтерімен ынтымақтасқан.



