АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі, 21 қарашада (Астана уақытымен 22 қарашаға қараған түні) Truth Social желісінде «Ұлы державалар 1945, 2026» деген жазуы бар коллаж жариялады. Newsweek назар аударғандай, онда Франклин Рузвельт, Уинстон Черчилль және Иосиф Сталиннің Ялта конференциясындағы әйгілі суреті Трамптың өзі, Ресей президенті Владимир Путин және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин түскен фотомен қатар қойылған. Жазба АҚШ, Қытай және Ресей көшбасшыларының Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен алғашқы үшжақты саммитінен екі күн өткен соң пайда болды. Бұған дейін Трамп бұл кездесуді «Ялтадан да үлкен» деп атаған еді.
The Independent хабарлауынша, сол күні Трамп Путинмен қол алысып тұрған суретін ірі әріптермен жазылған «Менің досым» деген жазумен жариялады. Бұл саммиттен түскен суреттері бар ондаған жазбаның бірі болды. Бір күн бұрын Ақ үйде президенттен Путин Құрама Штаттардың досы ма деп сұрады. «Америка атынан айта алмаймын», — деп жауап берген Трамп Ресей көшбасшысымен өзінің «өте жақсы» қарым-қатынасы бар екенін атап өтті. «Ең қуатты елдердің басшыларымен қарым-қатынасы бар адамның барына сіздердің жолдарыңыз болды», — деп қосты ол.
Ялтамен салыстыру Украинада және Шығыс Еуропада ауыр қабылданады: онда 1945 жылғы конференцияны Батыс державалары аймақты кеңестік ықпалға беріп жіберген сәт деп санайды. Германия канцлері Фридрих Мерц саммиттен кейін «Ялта форматы бейбітшілік әкелмейді» деп мәлімдеп, Еуропаның қайта бөлінуіне жол бермеуге уәде берді. Украина СІМ басшысы Андрей Сибига X желісінде: «Шэньчжэнь — Путин армандаған Ялта емес», — деп жазды. Reuters мәліметінше, Путин журналистерге Ялтада әлем ықпал аймақтарына бөлінбегенін, конференция тек Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ахуалды мойындағанын, ал қазіргі қақтығыстарда да жердегі жағдаймен санасуға тура келетінін айтты.
АҚШ-тың өзінде бұл жазбалар демократтардың сынына ұшырады. «Путин менің досым емес. Ол сіздің де досыңыз емес. Ол бұл елдің досы емес, ал Құрама Штаттардың президенті ол туралы осылай айтқанда, бұл оны батылдандыра түседі», — деді Аризона штатының сенаторы Марк Келли. Ал Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, керісінше, Трампты қолдап, мемлекет басшыларының жеке қарым-қатынасы «баға жетпес» екенін айтты.
Саммит 19 қарашада өтіп, 90 минутқа созылды. Көшбасшылар бірлескен «бейбітшілік декларациясын» қабылдады: үш ядролық держава ядролық соғыста жеңімпаз болмайтынын және оны бастауға болмайтынын растап, БҰҰ реформасына қол жеткізуге уәде берді. Құжатта Украинадағы соғыс пен АҚШ-тың Иранмен қақтығысы туралы уағдаластық жоқ. Кездесуден кейін Трамп Украинаға көмекке күмән келтірді, ал кейінірек Украина мен Ресей арасында ауқымдырақ бітім жасауға уәде берді.



