«Барыстың» бұрынғы капитаны, Қазақстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы Брэндон Боченски Астанадағы «Барыс Аренаға» келіп, мұзға қайта шыққысы келгенін мойындады. 44 жастағы хоккейшінің бейнежазбасын «Барыс» Instagram-да жариялады.
«Уақыт тоқтап қалғандай. Форманы киіп, ойынға дайындалғым келіп тұр. Ойнауға дайын екенімді сеземін. Бірақ бәрібір қайта оралу керемет», — деді Боченски.
Клуб бейнежазбаға қысқа ғана «Брэндон қайтадан «Барыс Аренада» 💙» деп жазды. Міне, сол бейне:
Қазақстан төлқұжатын алған америкалық хоккейші Астанаға осы аптада ұшып келді. Оның туған клубына келгенін «Барыс» 20 қарашада, команда іссапар сериясында жүргенде хабарлаған еді. Енді астаналықтар үйіне оралды, ал Боченски мансабының ең жақсы жылдары өткен аренаға жетті.
Боченски — клубтың басты аңыздарының бірі. Ол «Барыс» сапында 2010–2017 жылдары ойнап, бір жылдық үзілістен кейін 2018/19 маусымында командаға қайта оралды. КХЛ-дегі сегіз маусымда шабуылшы 455 ойын өткізіп, 444 ұпай (179 шайба және 265 пас) жинады. Ол әлі күнге дейін астаналықтардың нәтижелі пастар мен жинаған ұпайлар бойынша рекордшысы.
Қазіргі «Барыс» 22 қарашада КХЛ тұрақты чемпионатында Минскінің «Динамосын» қабылдайды. Кездесу Астана уақытымен сағат 16:30-да басталды. Ойын алдында команданың есебінде 29 ұпай болды, ол Шығыс конференциясында плей-офф аймағына шығу үшін күресіп жүр.



