«Манчестер Юнайтедтің» капитаны Бруну Фернандеш клуб оған жаңа келісімшарт ұсынғанын растады, бірақ келіссөзді португалдың өзі кідіртіп қойған. Бұл туралы 32 жастағы жартылай қорғаушы «Ливерпульмен» «Энфилдте» өтетін кездесу қарсаңында Sky Sports-қа берген эксклюзив сұхбатында айтты. Ойын бүгін Астана уақытымен сағат 21:30-да басталады.
Фернандеш клубтан көбірек ақша мен ұзағырақ келісімшарт талап етіп отыр деген қауесетті жоққа шығарды. «Жоқ, қазір ешқандай келіссөз жүріп жатқан жоқ, бірақ адамдардың «ол көбірек ақша сұрады, көбірек жыл сұрады» деп жатқанын көрдім. Егер көбірек ақша қаласам, мен мұнда болмас едім. «Манчестер Юнайтедке» қарағанда әлдеқайда көп ақша табатын жерге кетуге мүмкіндігім болды. Манчестерден әлдеқайда жылы жерде жүруім мүмкін еді», — деді ол.
Капитанның айтуынша, жаңа келісім туралы өткен маусымның соңында да, осы маусымның басында да сөз болған, бірақ командадағы ахуалға байланысты бұл әңгімені өзі кейінге қалдырған. «Мен мұны жай ғана бір шетке ысырып қойдым, өйткені қазір келіссөз жүргізуге менің де, клубтың да сәті емес деп ойлаймын. Қазір ең бастысы — клубтың қайтадан ойындарды жеңе бастауы», — деп түсіндірді Фернандеш.
Португал клуб онымен қоштасуды шешсе, жабысып қалмайтынын да айтты: «Мен «Манчестер Юнайтедте» осы уақыт ішінде көп көрген ойыншылардай болмаймын. Олар мұнда жай ғана қалу үшін қалады: келісімшартты аяқтайды, ал әрі қарай көре жатармыз. Клуб «Бруну, қоштасатын уақыт келді» деген сәтте мен есіктен бірінші болып шығамын». Дегенмен оның мақсаты өзгерген жоқ: «Менің мақсатым әрқашан — өзім ойнайтын клубпен Премьер-лиганы және Чемпиондар лигасын жеңіп алу».
Sky Sports News мәліметінше, Фернандеш «МЮ»-дың екі ұсынысынан бас тартқан, оның біріншісі жазда жасалған. Португалдың қазіргі келісімшарты маусым соңында аяқталады, бірақ клубтың оны тағы бір жылға ұзарту құқығы бар — бұл оның қаңтарда шетелдік клубтармен тегін ауысу туралы келісуіне жол бермейді. Осы аптада итальяндық журналист Никколо Скира «МЮ» капитанына «Милан» мен «Галатасарай» қызығушылық танытып отырғанын хабарлаған. «Ливерпульмен» кездесу «Юнайтедтің» жаңа бас бапкері Маурисио Почеттино үшін алғашқы ойын болмақ.



