Қазақстандық UFC жекпе-жекшісі Асу Алмабаев Дохадағы турнирде жапониялық Кёдзи Хоригучиден жеңілгеннен кейін жанкүйерлерге үндеу жасады. Ол Instagram-дағы бейнежазбасында қолдау көрсеткендерге алғыс айтып, жеңілісті ауыр қабылдап жатқанын мойындады және жекпе-жектен кейін өзін сынаған отандастарына қатаң жауап берді.
Алмабаев өзі үшін жанкүйер болып, алаңдап, дұға еткен бауырларына алғыс айтты. Оның айтуынша, оған да оңай емес: қаншама жекпе-жек өткізіп, айлар бойы тынымсыз жаттығып, тер төккен соң титулға бір қадам қалғанда кері шегіну кез келген спортшы үшін моральдық тұрғыдан ауыр. Ол өмірде өзіне ештеңе оңай келмейтінін, бұл мақсаттың да жеңіл болмайтынын және көп нәрсенің үстінде жұмыс істеу керек екенін айтты.
Жекпе-жекші сыншыларға да жеке тоқталды. Оны кейбір бауырларының оның жеңілісі арқылы өзіне ат шығаруға тырысатыны таңғалдырады. Алмабаев біреудің бақытсыздығынан бақыт құрылмайды деген мәтелді еске салып, сондай мықты болса, осында келіп, топ-5, топ-10, топ-20-ға кіріп, өздерін көрсетуге шақырды. Оның сөзінше, біреудің жеңілісі есебінен даңқ іздеу — үлкен ұят.
Алмабаев жекпе-жек үшін ақталмайтынын, бірақ төрешілерден басқа шешім күткенін айтты. Ол өзін жеңдім деп ойлаған, әр раундтан кейін бұрыштағылар оған жеңіп жатқанын айтып отырған. Оның айтуынша, шешім жарияланғанда Хоригучидің өзі де жеңісіне таң қалды. Үндеуінің соңында қазақстандық жанкүйерлерді бірлікке және бір-бірін қолдауға шақырды. Міне, сол бейне:
Жекпе-жек 21 қарашада Дохада (Катар) өткен UFC Fight Night 294 турнирінде болды. Алмабаев қарсыласын қайта-қайта партерге түсіруге тырысты, бірақ төрешілер бірауыздан жапон спортшысының жеңісін берді — 30:27, 30:27 және 29:28. Бұл жеңіліс қазақстандықтың қатарынан үш жеңісін үзіп, оның UFC-дегі екінші жеңілісі болды. Хоригучидің өзі жеңістен кейін көрермендерден жекпе-жек қызықсыз өткені үшін кешірім сұрап, дивизионның болашақ чемпионын жекпе-жекке шақырды.



