Қазақстандық ең жеңіл салмақтағы жекпе-жекші Асу Алмабаев Дохада (Катар) өткен UFC Fight Night 294 турнирінде жапониялық Кёдзи Хоригучиге есе жіберді. Кездесу Астана уақытымен 22 қарашаға қараған түні өтті. Негізгі кардтағы жекпе-жек үш раундқа созылып, төрешілер бірауыздан жапон спортшысының жеңісін берді — 30:27, 30:27, 29:28, деп хабарлады UFC.
Дивизион рейтингінде жетінші орында тұрған Алмабаев күреске басымдық берді: рейтингтегі бесінші нөмір Хоригучиді қайта-қайта партерге түсіріп, үстінен бақылап тұрды, бірақ соққы дерлік жасамады. Bellator мен Rizin ұйымдарының бұрынғы чемпионы астынан белсенді әрекет етті. Ол қазақстандықты бірнеше рет гильотинаға ілді, ал үшінші раундта шынтағымен оның бетін жарып жіберді. Төрешілерді Алмабаевтың бақылауы емес, дәл осы белсенділік сендірді.
Жекпе-жектен кейін Хоригучи көрермендерден іш пыстырарлық кездесу үшін кешірім сұрады. «Қатты өкінемін. Келесі жекпе-жек қызықтырақ болады», — деді жапон жекпе-жекшісі. Оның сөзін MMA Fighting келтірді. Қазақстандық ММА ардагері Қуат Хамитов Алмабаевқа сәл ғана жетпей қалды деп санайды. «Асу жақсы жекпе-жек өткізді! 3-раунд алдында раундтар бойынша есептің 1-1 екенін көрдім. Үшінші раундта үш минуттық бақылаудан кейін қарсыласты тік тұрысқа жіберу керек еді… Тік тұрыста сәл қозғалып, қарсыласты қайтадан төменге түсірсе, жеңіс қалтада болар еді!» — деп жазды Хамитов Threads желісінде. DAR PRO TEAM командасы өз жекпе-жекшісін Instagram-да қолдады:
Бұл — 32 жастағы Алмабаевтың UFC-дегі екінші жеңілісі, ұйымда оның жеті жеңісі бар, жалпы рекорды — 24-4. Осы жеңіліс оның қатарынан үш жеңістен тұратын сериясын үзді. Ұйымдағы алғашқы жеңілісін ол 2025 жылғы наурызда Манел Кейптен көрген еді — маусымда Хоригучиді де осы жекпе-жекші мерзімінен бұрын жеңген. Алмабаевты қолдау үшін Дохаға клубтасы Шавкат Рахмонов барды. Турнир алдында қазақстандық Қазақстандағы UFC турнирі туралы пікір білдіріп, мұндай турнирдің басты жекпе-жегінде шығуға дайын екенін айтқан, ал қарсаңында салмақ өлшеуден қиындықсыз өтті.



