Қазақстандық дзюдошы Санжар Ерұланұлы Ташкентте (Өзбекстан) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 100 келіге дейінгі салмақта топ жарды. 21 қарашадағы финалда ол жапониялық Шокей Хираноны жеңді. Бұл Халықаралық дзюдо федерациясының деректерінен белгілі болды.
Турнир алдында 19 жастағы қазақстандық IJF-тің жастар арасындағы әлемдік рейтингінде өз салмағында алтыншы орында тұрған. Ташкенттегі жолын ол германиялық Даниил Спиридоновпен белдесуден бастап, финалға дейін Италия, Әзербайжан және Испания спортшыларын да жеңді. Осы салмақта Қазақстанға қола медальды Асқар Біржанов әкелді — үшінші орын үшін белдесуде ол испаниялық Никита Юдановты ұтты.
Ерұланұлы жастар арасындағы әлем чемпионатында жеке есепте жеңген үшінші ғана қазақстандық болды. Одан бұрын бұл белесті 2010 жылы Елдос Сметов, 2015 жылы Мағжан Шамшадин бағындырған. Осылайша турнирдің алтыны Қазақстанға 11 жылдан кейін оралды. Сметов кейін Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы атанды.
Ерұланұлы үшін бұл әлемдік деңгейдегі алғашқы атақ емес: 2024 жылы Лимада ол 90 келіге дейінгі салмақта кадеттер арасында әлем чемпионы атанған, ал 2026 жылғы шілдеде жастар арасындағы Азия чемпионатын жеңіп алған. Ерұланұлының жеңісі Қазақстан құрамасына Ташкенттегі әлем чемпионатында алғашқы алтын алып келді. Жарыс 19–21 қараша аралығында өтіп, 600-ге жуық дзюдошыны жинады.



