Мазмұнға өту

ЖИ акциялары құлдырап, S&P 500 мен Dow Jones түзету аймағына түсті

Бұл апта S&P 500 мен Dow үшін 2025 жылғы сәуірден бергі, ал Nasdaq үшін 2020 жылғы наурыздан бергі ең нашар апта болды.

Здание Nasdaq MarketSite на Таймс-сквер в Нью-Йорке с логотипом Anthropic на экранах
Фото: Reuters

АҚШ қор нарығы 2026 жылғы 20 қарашада, жұма күні, соңғы жылдардағы ең ауыр күндердің бірін бастан кешірді. S&P 500 индексі 3,7%-ға төмендеп, 6910 тармаққа түсті, ал Dow Jones 950-ге жуық тармақ, яғни 1,93% жоғалтып, 48 147 тармақпен жабылды. Екі индекс те қазір рекордтық деңгейінен 10%-дан астам төмен тұр — биржа тілінде мұны түзету деп атайды. Технологиялық компаниялар басым Nasdaq 5,28%-ға құлдырап, 22 618 тармаққа түсті және 2026 жылдың басынан бергі бүкіл өсімін жоғалтты, деп хабарлайды Reuters.

Басты себеп — инвесторлар жасанды интеллектен табыс табатын компаниялардың акцияларынан жаппай арылып жатыр. Nvidia акциялары 13,8%-ға арзандады, дегенмен компания жуырда өте сәтті тоқсан қорытындысын жариялаған еді. Claude чат-ботын әзірлеген Anthropic сауданың екінші күнінде шамамен 9% жоғалтты: бейсенбіде оның акциялары 83 доллар болған орналастыру бағасынан 17% жоғары жабылған. Amazon 3,9%-ға, Meta 5,9%-ға, ал CoreWeave пен Nebius бұлттық компаниялары тиісінше 12% және 16%-ға төмендеді.

Нарық үшін бұл ауыр апта болды. S&P 500 қатарынан жетінші сессия төмендеп келеді — мұндай серия 2020 жылғы ақпаннан бері болмаған. S&P 500 мен Dow-дың апталық шығыны Дональд Трамп ауқымды баж салықтарын жариялаған 2025 жылғы сәуірден бергі, ал Nasdaq-тың шығыны 2020 жылғы наурыздан бергі ең ірі шығын болды. «Қорқыныш индексі» деп аталатын VIX құбылмалылық индексі 2025 жылғы сәуірден бергі ең жоғары деңгейде жабылды.

Акциялармен бірге басқа активтер де арзандады. Алтын бір күнде шамамен 4%-ға төмендеп, унциясы 3530 долларға жуық деңгейге түсті — бұл 2025 жылғы қыркүйектен бергі ең төменгі баға. Биткоин 60 мың доллардан төмен түсті. Қазақстан үшін алтын бағасының маңызы ерекше: Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінің 78%-ға жуығы алтыннан тұрады, сондықтан металдың арзандауы олардың долларлық құнын бірден азайтады. Brent мұнайы, керісінше, жұма күні 0,6%-ға қымбаттап, баррелі 92,57 долларға жетті, бірақ апта ішінде 3,4%-ға арзандады — бұл қатарынан үшінші апта.

Инвесторлар АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) шешімдерін де бақылап отыр. ФРЖ басқарушылар кеңесінің мүшесі Лиза Кук қазіргі мөлшерлеме инфляцияны тежеуге жеткіліксіз екенін айтты. CME FedWatch деректеріне қарағанда, нарық ФРЖ желтоқсандағы отырысында мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа көтеретініне сенімді дерлік. Енді нарық келер аптада жарияланатын PCE тұтынушылық шығындар деректерін күтіп отыр: қазандағы инфляция күтілгеннен жоғары шыққан еді.

Сатылым бірнеше күннен бері жалғасып келеді: бейсенбіде, тарихтағы ең ірі IPO өткізген Anthropic биржаға шыққан күні, Dow 1100 тармаққа құлаған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз